Оралда қорықшы өліміне қатысты жалған қорытынды жасаған сот сарапшысына үкім шықты

24.04.2026 15:19 Арман Ермеков
Оралда қорықшы өліміне қатысты жалған қорытынды жасаған сот сарапшысына үкім шықты
263
Сарапшы Марат Жонысов 3 жыл 2 айға бостандығы шектелді. Фото: ашық дереккөз

Оралда жұмбақ жағдайда көз жұмған қорықшы Эдуард Победимовтың өліміне қатысты жалған құжат жасаған сот-медицина сарапшысына үкім шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Astanatv телеарнасына сілтеме жасап.

Орал қаласында 40 жылдық еңбек өтілі бар 67 жастағы сот-медицина сарапшысы Марат Жонысов қайтыс болған қорықшының денесін тексеру кезінде "ешбір зорлық іздері жоқ" деп қорытындыны әдейі бұрмалағаны үшін кінәлі деп танылды. Оның бұл әрекеті марқұмның нақты неден өлгенін анықтауға және кінәлілерді жауапқа тартуға кедергі келтірген.

Сот сарапшысына алғашында 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Алайда рақымшылық заңына сәйкес оның жаза өтеу мерзімі қысқарып, 3 жыл 2 айды құрады. Сонымен қатар ол марқұмның әкесі Алексей Победимовке 3 млн теңге моральдық және 304 мың теңге материалдық шығын төлеуі тиіс.

Бірақ жәбірленуші тарап шешіммен келіспей отыр. Олар жаза тым жеңіл әрі қылмыскер темір торға қамалуы керек деп санайды.

"Басқа сарапшылар мұндай іске бармауы үшін оны қамау керек еді. Мен оны түрмеге жабуды сұраймын. Оның тергеу мен сотқа ұсынған қағазындағы ақпарат түгелдей жалған. Ол қорытындыда тіпті менің ұлымның ішкі құрылысын жазбаған. Егер денені қайта қазып алмағанымызда не боларын кім білсін", – деді марқұмның әкесі Алексей Победимов.

Еске салайық, 2023 жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысындағы Дөңгелек су қоймасында 32 жастағы Эдуард Победимовтің денесі табылған болатын. Марқұм аталған су қоймасында бірнеше жылдан бері қорықшы болып жұмыс істеген. Ол кез келген уақытта қайықпен жүзіп, балықшылардың құжатын тексеріп немесе браконьерлермен жұмыс істейтін. Бастапқыда ол қайыққа соғылып, суға құлап кетті деген болжам айтылды. Бірақ бұған сенбеген әкесі денені эксгумациялауды талап еткен.

Жергілікті дәрігерлердің сараптамасына көңілі толмаған отбасы Астанадан мамандар шақыртқан. Елордалық сарапшылар марқұмның қарнындағы көгерген іздерді, 10 қабырғасы мен тіласты сүйегінің сынғанын және арқасындағы терең жарақаттарды, беті мен қолындағы тіліктерді анықтады.

Әдетте мұндай сараптама бір айға созылса, жергілікті маман қорытындыны небәрі 3 күннің ішінде шығарып берген. Сондықтан марқұмның әкесі ұлының өлімі кездейсоқтық емес екенін айтып, алғашқы қорытындымен үзілді-кесілді келіспеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий