Өрт сөндіру көлігіне кедергі келтірген көліктерді зақымдауға рұқсат беру ұсынылды
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков тұрғын үйлердің жанында өрт сөндіру дәліздерін құруды және құтқарушыларға кедергі келтірген көліктерді жолдан алып тастауға және оларды зақымдауға рұқсат беруді ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол тұрғын үйлердің аулаларында өрт сөндіру көліктері мен басқа да шұғыл қызметтерге арналған арнайы жолақтар әрдайым ашық болуы тиіс екенін айтты.
Олжас Құспековтің айтуынша, төтенше жағдайда әр минут қымбат, сондықтан жедел қызметтердің жолын бөгейтін кез келген кедергіні заңмен реттеу қажет.
«Осы жағдайға байланысты депутаттық сауалым, біраз ұсынысым бар. Бұл жерде арнайы аулаларда өрт сөндіру және мемлекеттің жедел қызметтерінің барлығына арналған бір жолақ міндетті түрде ашық тұруы керек. Оған байланысты шлагбаум секілді басқа нәрселер болса, басқа заң тәртібімен қарастыру керек. Мысалы, соңғы болған жағдайда 20 минутты тек қана көлікке жұмсадық. Ол 20 минут шейіт болған 3 баланың мүмкін өмірін алып қалар еді. Бірақ «біреудің мүлкі, біреудің құқығы» деп біздің өрт сөндірушілер уақыт жоғалтып алды. Ондай жағдайда шұғыл, ұтқыр қозғалу керек. Оған кедергі болатын нәрселердің бәрін заңда өзгерту қажет. Егер кедергі жасайтын болса, оған материалдық тұрғыдан емес, адамның өміріне қарауы қажет», — деді депутат.
Мәселені шешу үшін депутат бірнеше шара ұсынды:
- Fire Lane қағидатына негізделген, міндетті белгілері бар және көлікті қоюға, тоқтатуға және осындай аумақтарды жауып тастауға толық тыйым салатын төтенше жағдайлар қызметтерінің дәліздерін енгізу;
- төтенше жағдайлар қызметтеріне оқиға орнына барар жолдағы кедергілерді, соның ішінде адамдарды құтқаруға кедергі келтірген жағдайда тосқауылдарды, шлагбаумдарды және көліктерді алып тастауға және зақымдауға, оған өтемақы төлемеуге рұқсат беру;
- ғимараттарға арналған өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту: өрт сөндіру жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сандық мониторингті енгізу және түтін детекторларын төтенше жағдайлар қызметтерінің дабыл жүйесіне біртіндеп қосу;
- төтенше жағдайлар мен оқиғалардың салдарынан жеке тұлғалар мен бизнес үшін міндетті мүлік сақтандыру тетіктерін әзірлеу.
Айта кетейік, 12 сәуірде Астананың Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Салдарынан бір әйелді күйік шалған. Сондай-ақ пәтерден үш баланың денесі табылған.
Соңғы жаңалықтар