«Ұлым ұрып-соқты» деген 90 жастағы қария сотқа жетпей денсаулығы сыр берді

«Ұлым ұрып-соқты» деген 90 жастағы қария сотқа жетпей денсаулығы сыр берді
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

«Ұлым ұрып-соқты» деген 90 жастағы қария сот басталар шақта болған оқиғаны ұмытып қалған, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтемемен.

Атырау облысында туған ұлым ұрып-соғып, үйге байлап қойды деп шағымданған 90 жастағы Әділхан Сисеновтің денсаулығы сыр берді. Жазда басынан өткен жағдайды бүге-шігесіне дейін айтып берген қария енді сол оқиғаларды есіне түсіре алмай отыр. Ал ұлына қатысты қозғалған іс енді ғана сотқа жеткен.

Оқиға Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында болған. Биыл маусымда Әділхан Сисенов кенже ұлының өзін ұрып-соғып, үйде байлап, ас-сусыз қамап қойғанын айтып, жұрттан араша сұраған еді. Қарияның сөзінше, ол түн ішінде терезеден қашып шығып, көрші тұратын туысының үйіне жеткен.

Сол кезде ақсақал денесіндегі жарақаттарын көрсетіп, не болғанын анық айтып берген. Алайда арада бірнеше ай өткенде жағдайы күрт нашарлаған.

Қазір қария Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы ұлының үйінде тұрып жатыр. Қарындасы Кенжетай Сисенованың айтуынша, ақсақал жақында ғана төсек тартып жатқан жерінен бас көтерген.

Ол сол күні ағасын үсті-басы қан болған күйде көргенін айтады. Қария бірнеше сағат бойы ас-сусыз қамалып, түнде терезеден шығып қашқан екен.

«Қайтып келсең, өлтіремін» деп қорқытқан

Кенжетай Сисенова ағасының өз үйінде көрген қорлығын әлі ұмыта алмай жүр. Оның айтуынша, қарияны алып кетпегенде жағдайдың немен аяқталары белгісіз еді.

«Мен сонда алып кетпесем, үйіне байлап қоя ма? Бұл кісі "сол жерде 3-4 күн жатсам, мен өлетін едім" дейді. "Ойбуй, өліп қалыпты деп, мені шығарып жататын едіңдер" дейді. Ол үйден бір аруақ қолдап қашып шықты. Не жазығы бар?! Баға алмаса, берсін, басқа балаларына! "Қайтып келсең, өлтірем" деді баласы. Мен оған жіберем бе?! Біздің көзімізше, жедел жәрдемнің алдында айтты: "Қайтып келсең, өлтіремін"», – дейді Кенжетай Сисенова.

Қарияның немересі Сәуле Әділхан да атасының қазіргі жағдайына алаңдап отыр. Оның айтуынша, бұған дейін ақсақал ешкімге салмақ салмай, өздігінен жүріп-тұратын. Тіпті сотқа өзі барып, көрген қорлығын судьяға айтып беруге дайындалған.

Алайда сот басталғанша қарияның есте сақтау қабілеті нашарлап кеткен.

«Ұмытып қалған, ештеңе білмейді. Осыған дейін үш айға дейін соты болғанда бәрін біліп, бәріне жауап берер ме еді? Негізі, күтті, өз аяғыммен сотқа барамын деп күтіп еді. Бірақ енді атамызды осындай жағдайға түсіріп тастап тұр ғой», – дейді немересі Сәуле Әділхан.

Туыстары тергеудің бірнеше айға созылғанына қапалы. Олардың сөзінше, іс сотқа ертерек жеткенде қария болған оқиғаны өзі баяндап бере алатын еді.

Бұл жағдай Сағыз ауылына да тараған. Әділхан ақсақалдың замандастары өмір бойы бала тәрбиелеп, отбасын асыраған адамның қартайған шағында өз үйінен қашуға мәжбүр болғанына қынжылады.

Күдікке ілінген ұлы айыптауды мойындамайды

Ал қарияның ұлы Қанат Сисенов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол әкесіне қол көтермегенін, туыстарының айтып жүргені жала екенін мәлімдеді.

«Мен ұрудан аманмын. Мұның барлығы жала. Қазір оқиғаға қатысты сот әлі біткен жоқ, іс сотта ғой. Соған байланысты мен қазір сізге бірдеңе айтатын болсам, сот дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Ертең интернетте әдейі бізге қысымшылық жасап жатыр деп, сот түсініп қалуы мүмкін. Сол себептен сот аяқталғанша мен сізге ештеңе айта алмаймын», – деді Қанат Сисенов.

Ол әкесіне жиырма жылдан астам уақыт бойы қарағанын айтады. Сондай-ақ сараптама қорытындысында қарияның денсаулығына ауыр зиян келмегені жазылғанын алға тартты.

Дегенмен ақсақалдың туыстары бұл уәжбен келіспей, оқиғаның мән-жайын толық әрі әділ тексеруді талап етіп отыр.

Қылмыстық іс Қызылқоға ауданында болғанымен, оны Жылыой аудандық соты қарайды. Істі басқа ауданның сотына беру туралы шешімді Атырау облыстық соты қабылдаған.

Қария маусым айында не айтқан еді?

Еске салайық, бұл оқиға биыл маусымда әлеуметтік желіде бейнежазба тарағаннан кейін жұртқа белгілі болды. 19 маусымда қарияға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабымен іс тіркелгені хабарланған.

Сол кезде журналистер Әділхан Сисеновтің өзімен сөйлескен. Қария туған ұлының өзін үйден шығармай, байлап қойғанын айтқан еді.

«Мені қашып кетпесін деп байлап тастағаны рас. Күндіз терезенің темірін алмақ болғанымда ұлым келіп, мені ұрып жіберді, мен шалқамнан құладым. Таңнан бері нәр татпай аш отырған едім. Ал түнге қарай ұлым қайта келіп, бірдеңелерді айтты да, маңдайымнан ұрды», – деген еді Әділхан Сисенов.

Қарындасының сол кездегі әңгімесіне қарағанда, қария дәретханаға барған сәтте қайшы тауып алып, өзін байлаған жабысқақ таспаны қиып үлгерген. Кейін таңғы сағат төрт шамасында ұлы ұйықтап қалғанын пайдаланып, басқа бөлменің терезесінен сыртқа шыққан. Кейін, көрші тұратын туысының үйіне жетіп, таңертең қарындасын шақыртқан.

Оқиға елге тарағаннан кейін ақсақалдың басқа бір немересі оны өз қамқорлығына алғанын мәлімдеген еді. Сол кезде әлеуметтік желіде жарияланған жазбада Әділхан Сисеновтің 8 ұлы мен 4 қызы бар екені айтылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу