Ақмола облысында жаңа экопарк ашылды
Ақмола облысында Республика күні қарсаңында тағы бір демалыс орны ашылды. Целиноград ауданының Аққайың ауылында орналасқан Dara Resort экопаркі Астана тұрғындары мен елорда қонақтарына табиғат аясында демалуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақмола облысы әкімдігінің хабарлауынша, жаңа экопарктің ресми ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты. Нысан техникалық режимде жұмыс істей бастағаннан бері мұнда шамамен 1,5 мың адам келген.
Экопаркте демалуға арналған арнайы орындар, күркелер мен айналаны тамашалайтын алаңдар жасалған. Сонымен қатар ұзындығы 2,4 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, 200 ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта мұнда арқанды саябақ ашылып, серуендеуге арналған жолдар ұзартылады.
Облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов мұндай демалыс орындарын көбейту өңірдегі туризмді дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Экопарктер құру жөніндегі жобалар табиғат аясында демалу мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде Астана агломерациясының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Адамдардың отбасымен бірге уақыт өткізіп, қала қарбаласынан тынығуына арналған қолжетімді әрі абаттандырылған орындар көп болуы маңызды», деді Ернар Жаркешов.
Әкімдіктің мәліметінше, Ақмола облысында жалпы жеті экопарк ашу жоспарланған. Биыл жыл басында Зерендіде осындай демалыс орны пайдалануға берілген. Ал Ақкөл қаласында Wyndham резиденциясының аумағында тағы бір ірі экопарк салынып жатыр. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін өңірде үш экопарк жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар 2027 жылы Аршалы және Целиноград аудандарында тағы екі экопарк ашу көзделген. Ал 2028 жылы облыс орталығы Көкшетауда тағы бір демалыс орны пайдалануға берілмек.
Соңғы жаңалықтар