«Өсекпен айналысатын, тәрбиешілерге жала жауып, көп мөлшерде ақша жинайтын жемқор»: Таразда әйелге сот үкімі шықты
Таразда мектеп мұғалімін өсекші әрі жемқор деп айыптап арыз жазған әйел сотта жеңіліп, ұстазға өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Politico.kz.
Тараз қаласындағы арнайы мектеп-интернаттың мұғалімі мен әйел арасындағы дау 2024 жылдың қыркүйек айында басталған. Әйел мектеп директорының атына шағым түсіріп, онда мұғалімді «өсекпен айналысатын, тәрбиешілерге жала жауып, көп мөлшерде ақша жинайтын жемқор» деп айыптаған.
Мұндай ауыр сөздерден кейін Мектеп басшылығы ішкі тексеріс жүргізіп, арызда көрсетілген деректердің ешқайсысын растамады. Сонымен қатар арнайы сараптама бұл мәліметтердің мұғалімнің іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін нақтылаған соң ұстаз өз намысын қорғау үшін сотқа шағым түсірді.
Қалалық сотта өткен отырыс барысында әйел өзі таратқан ақпараттың шындық екенін дәлелдейтін ешқандай айғақ ұсына алмады. Іс материалдарын толық зерттеген сот мұғалімнің ақша жинауға және жемқорлыққа қатысы жоқ деген қорытынды шығарды.
Тараз қалалық сотының шешімімен жала жапқан әйел ұстаздың пайдасына 100 мың теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар