Қызылордада жас жігітті өлтіріп кеткен: әпкесі әділдік талап етті
Қызылордада 2006 жылы туған жігіт қаза тапты. Марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын айтып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Әпкесінің айтуынша, қайғылы оқиға 8 қазанда Қызылорда қаласындағы Есетов көшесінде орналасқан дәмхананың маңында болған. Бір топ адам інісіне шабуыл жасап, соққыға жыққан. Жігіт пышақ жарақатынан көз жұмған.
Марқұмның әпкесі шабуылға 12 адам қатысқанын, бірақ әзірге олардың үшеуі ғана ұсталғанын мәлімдеді.
«Қолымыздағы ақпарат бойынша шабуылға 12 адам қатысқан. Інімді бір топ адам жабылып ұрған. Бірақ қазір тек үш адам ұсталды. Біздің білуімізше, тергеу оны тек үш адам ұрған деген нұсқаны қарастырып жатыр. Ал шабуылға 12 адам қатысқанын айтатын куәгерлер бар», деді ол.
Марқұмның туысы куәгерлер көп адамның қатысқанын айтып отырса да, неліктен тергеу тек үш күдіктімен шектеліп жатқанын түсінбей отырғанын жеткізді.
«Мен 12 адамның бәрі бірдей кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ әрқайсысының әрекеті мұқият тексеріліп, куәгерлердің сөзі ескерілуін талап етемін. Осы қылмысқа қатысы бар бірде-бір адам тергеуден тыс қалмауы керек», деп жазды марқұмның әпкесі.
Ол інісінен айырылу отбасы үшін ауыр қайғы болғанын айтып, оқиғаның толық мән-жайы анықталмай қала ма деп алаңдайтынын білдірді. Оның сөзінше, отбасы жақын адамынан қалай айырылғанын білуге құқылы.
Марқұмның әпкесі Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, прокуратура мен полицияға үндеу жасады.
«Тергеуді ерекше бақылауға алуды, барлық куәгердің жауабын тексеруді, шабуылға қатысқан әр адамның әрекетін анықтап, болған оқиғаға объективті құқықтық баға беруді сұраймын. Мен кек алуды емес, әділдік іздеймін», деп жазды ол.
Әзірге марқұмның әпкесі келтірген мәліметтерге қатысты полицияның ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.
Politico.kz оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қызылорда облысының Полиция департаментіне сауал жолдады.
Соңғы жаңалықтар