Өскеменде 19 жастағы хоккейшінің өліміне кінәлі деп танылған спортшы рақымшылықпен босатылды

31.10.2025 15:15 Арман Ермеков
Өскеменде 19 жастағы хоккейшінің өліміне кінәлі деп танылған спортшы рақымшылықпен босатылды
0
1223
Иван Пыленок. фото: ашық дереккөз

Өскемен қалалық соты 19 жастағы хоккейші Иван Пыленоктың өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды. Сотталушыға 1,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бірақ рақымшылық актісіне сәйкес ол жазадан босатылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ YK-news.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға былтыр 2 тамызда Б. Александров атындағы Спорт сарайында болған. Облыстық соттың мәліметінше, марқұм Иван мен Андрей Лагунов есімді азаматтың арасында жанжал туындаған. Бейнебақылау камераларына сүйенсек, Лагунов Ивантың мойнынан ұстап, біраз уақыт қысып тұрған.

Екеуін ажыратқаннан кейін Иван Пыленоктың жағдайы кенеттен нашарлап, құлаған. Ол ауруханаға жетпей жолда көз жұмды. Сараптама қорытындысы өлімге мойынның доғал жарақаты себеп болғанын, соның салдарынан жүрек тоқтап қалғанын көрсетті.

Сот Лагуновтың әрекеті мен жігіттің өлімі арасында тікелей байланыс бар деп тапты. Іс Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігі "Абайсызда өлімге әкелу" бойынша қаралды.

Марқұмның ата-анасы бұл шешіммен келіспей, айыпталушының әрекетін "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" ҚК 106-бабы 3-бөлігі бабына ауыстыруды сұрады.

Алайда, сот Лагуновты ҚК 104-бабының 1-бөлігі бойынша үкім шығарып, бір жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бірақ «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес, сотталушы тағайындалған жазадан босатылды.

Айта кетсек, марқұм Иван Пыленок 2005 жылы Өскеменде дүниеге келген. Ол «Торпедо» хоккей клубының жастар командасы «Жастар» құрамасында қақпашы ретінде ойнаған және отбасындағы жалғыз бала болған. Ал 2000 жылы туған Андрей Лагунов ресейлік-қазақстандық шабуылшы, қазір Өскеменнің «Торпедо» клубында өнер көрсетеді. Андрей Лагуновтың ресейлік төлқұжаты бар.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий