«Отандық өндіруші» мәртебесі импортты бүркемелемеуі керек – депутат

10.09.2026 15:32 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Отандық өндіруші» мәртебесі импортты бүркемелемеуі керек – депутат
148
Фото: gov.kz

Қазақстанда отандық өндіруші мәртебесін алған компаниялардың шын мәнінде ел ішінде қанша өнім өндіретіні мен қанша қосылған құн қалыптастыратынын нақты есептеу қажет. Бұл мәселені Құрылтай отырысында «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Бақтыбек Бибаев көтеріп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутат отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелділікті азайту, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты.

Оның сөзінше, осы жұмыстың нақты нәтижесін елішілік құндылық көрсеткіші көрсетуге тиіс. Әсіресе сатып алу көлемі трлн теңгемен есептелетін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының үлесі маңызды.

Келтірілген дерек бойынша, 2024 жылы қор тобына кіретін компаниялар отандық өндірушілермен 11 мыңнан астам шарт жасасып, оларға 1,1 трлн теңгеден астам қаржы бағыттаған. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 2 есе өсіп, 2,17 трлн теңгеге жеткен.

Сонымен бірге индустриялық сертификат жойылғаннан кейін 705-тен астам кәсіпорынның отандық өндіруші мәртебесіне сәйкес келмейтіні анықталған.

Осыған байланысты депутат бөлінген трлн теңге Қазақстанда өндірілген өнім мен ел ішінде қалыптасқан нақты қосылған құнды қаншалық көрсететінін мәселе ретінде көтерді.

Бибаевтың айтуынша, кәсіпорынның Қазақстанда тіркелуі немесе тиісті тізілімге енуі өндірістің қаншалық терең екенін өздігінен дәлелдемейді. Компания отандық өндіруші мәртебесіне ие бола тұра, шикізатты, жинақтауыштарды, жабдықты, тіпті дайын өнімді де шетелден әкелуі мүмкін.

Мұндай жағдайда квазимемлекеттік сектордан бөлінген қаржының бір бөлігі іс жүзінде шетелдік зауыттарға бағытталады. Ал Қазақстанның үлесіне қосылған құны төмен операциялар ғана қалуы ықтимал.

Депутат сондықтан елішілік құндылық көрсеткіші ең алдымен Қазақстан аумағында нақты жасалған құнды көрсетуге тиіс деп есептейді.

Оның пікірінше, қазіргі әдістеме бұл міндетті толық орындай алмай отыр. Әдістеме технологиялық үдерістің ерекшелігін жеткілікті ескермейді және өндірістің қаншалық тереңдегенін нақты өлшеуге мүмкіндік бермейді.

Соның салдарынан құжатта көрсетілген елішілік құндылық пен кәсіпорындағы нақты өндірістік жағдай сәйкес келмеуі мүмкін.

«Яғни ішкі құндылық пайызының жоғары болуы – елде қайтарымы бар нағыз өндіріс бар деген сөз емес», – деді Бақтыбек Бибаев.

Депутат отандық өндірушіге қойылатын 26 талаптың біріне де тоқталды. Ол – кеден декларациясын ұсыну. Бұл құжатта импортталған тауарлардың жалпы кедендік құны көрсетіледі.

Бибаевтың айтуынша, өндірісті оқшаулаудың нақты деңгейін анықтау үшін декларациядағы импорт құрамын қарау жеткілікті. Сол арқылы елге жартылай дайын өнім немесе ірі тораптар әкелінгенін анықтауға болады.

Осыған байланысты фракция елішілік құндылықты есептеу әдістемесіне импортталған тауар мен кейін шығарылған өнімді салыстыратын тетік енгізуді ұсынды.

Мұндай тәсіл есепте кәсіпорын мәлімдеген шығындарды ғана емес, шикізаттың Қазақстан аумағында қаншалық өңделгенін де ескеруге мүмкіндік беруі тиіс.

Депутат қазіргі жүйе өзгермесе, отандық өндірушілерден сатып алу көлемі қағаз жүзінде өскенімен, импортқа тәуелділік те қатар тереңдеуі мүмкін екенін айтты. Ал нақты өндіріс көлемі өзгеріссіз қалуы ықтимал.

«Түптеп келгенде, өнеркәсіп емес, есеп-қисап қана оқшауланады», – деді ол.

Бибаевтың сөзінше, негізгі мақсат – нарықтағы нақты өндірушіні алып-сатардан ажыратып, ел ішінде шын мәнінде өндіріс жүргізіп отырған кәсіпорындарды қолдау.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы Үкіметтен 3 мәселеге жауап беруді сұрады.

Бірінші мәселе – «Самұрық-Қазына» тобы отандық өндірушілерден сатып алатын тауарлардың мәлімделген елішілік құндылығын қалай тексеретіні.

Екінші мәселе – қазақстандық өндірушілерге преференция беру кезінде нақты қосылған құнды, өндірісті оқшаулау тереңдігін, өндіріс көлемін, ашылған жұмыс орындарын және игерілген технологияларды ескеретіндей етіп елішілік құндылықты есептеу әдістемесін жетілдіру жоспарының бар-жоғы.

Үшінші мәселе – қазақстандық өндірушілерге арналған преференцияларды импорттаушылар мен өндірістік операциялардың төмен деңгейімен ғана айналысатын кәсіпорындардың пайдалануына жол бермеу үшін Үкімет қандай шара қабылдап жатқаны.

Войдите, чтобы оставить комментарий