Баян Алагөзова: Тұрсынмен ақша үшін қосылған жоқпын, өзім де жақсы табамын

10.09.2026 15:34 Томирис САҒЫНДЫҚ
Баян Алагөзова: Тұрсынмен ақша үшін қосылған жоқпын, өзім де жақсы табамын
149
Фото: instagram.com/tursenalaguzov/

Танымал продюсер Баян Алагөзова жұбайы Тұрсын Алагөзовпен қарым-қатынасы, отбасылық өмірдегі қиындықтар мен бастан өткерген қаржылық дағдарыстар туралы пікір білдірді. Ол ер азаматының бизнеспен байланысты күрделі кезеңдерінде жанынан табылып, материалдық жағдайға қарамастан қолдау көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы продюсер Аман Тасығанмен болған сұқбатта әңгімеледі. 

«Мен оны ақшасы үшін сүйген жоқпын. Оның қанша ақшасы бар екенін, жалпы кім екенін, зауыттары бар екенін білген де жоқпын. Бұның бәрін кейін білдім. Әрі ол бұл туралы маған ешқашан айтқан емес. Әрине, тұрмысы төмен адам емесін түсіндім, бірақ оны болмысы үшін сүйдім. Оның үстіне, менің өзім де қаржылай ешкімге тәуелді емес едім, жеткілікті түрде жақсы табыс таптым. Бақытты өмір сүруге, яғни негізгі қажеттіліктерімді өтеуге қажеттінің бәрі бар еді», – деді Баян Алагөзова.

Продюсердің сөзінше, ол тұрмыс құрған кезеңде өз тарапынан да қаржылық тәуелсіздігі толық қалыптасқан еді. Алайда отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында екі тарап та үлкен сынаққа тап болған.

«Ол кезде жасым 42-де болатын. Бұл жасқа дейін әлемнің жартысын араладым, әртүрлі бренд кидім, жақсы көліктер міндім. Сондықтан мәселе мүлде онда емес еді. Мен жай ғана ол адамды сүйіп қалдым. Ол бизнесінен айырылған кезде, мен де онымен бірге бар нәрсемнен: денсаулықтан да, бизнестен де, күш-қуаттан да айырылдым. Екеуіміз ғана қалдық, бірақ біз қол ұстасып, қайтадан қайсарлықпен аяққа тұрдық. Мен оны бұрын қалай сүйсем, кейін де, қазір де дәл солай сүюді жалғастырдым. Ол бұған өте қатты таңғалды. Осы жылдар ішінде әйелдердің ер азаматына айтқысы келіп тұратын кемсіту сөздерінің бірде-бірін оған айтқан емеспін. Бұлай не себепті және кімнің кесірінен болғанын түсіндім, бұл жауапкершілікті өзім де сезіндім», – деді продюсер.

Сонымен бірге Баян Алагөзова жұбайының кәсіптегі сәтсіздіктері кезінде моральдық тұрғыдан демеу болып, қайтадан аяққа тұруына үлес қосқанын атап өтті.

«Мен онымен бірге барлық қиындық пен қуанышты қатар бөлістім деп айта аламын. Оның бір тиыны да қалмаған кезде де жанында болдым. Ол сатуға болатынның бәрін сатты, кепілге қоюға болатынның бәрін қойды. Өзін әртүрлі салада, әртүрлі бизнесте іздеп көрді. Әр кез сайын мен оған: «Мен сенімен біргемін, қолыңнан бәрі келеді», – деп отырдым. Нағыз махаббат ер азаматыңның немесе әйеліңнің табысты немесе табыссыз болуымен аяқталмайды деп есептеймін. Қазір өзімнің азаматымды түрлі сындарда тексеріп көрдім деп нық айта аламын. Оның ақшасы бар кезде де, ақшасыз кезде де қандай болатынын білемін, ол мүлде өзгермейді. Яғни, адамды ақшаның жоқтығы да, тым көптігі де бұзған жоқ. Жалпы, адамды тексергің келсе – оған билік бер, ақша бер, сосын бәрін тартып ал. Сонда екі тараптың да шынайы бет-бейнесі ашылады», – деді Баян Алагөзова.

Войдите, чтобы оставить комментарий