"Өте ақылды әрі қу". Нумеролог Еркебұлан Тоқтарға биыл үйленбеуге кеңес берді

24.07.2026 21:08 Томирис САҒЫНДЫҚ
62
Фото: instagram.com/erkebulan_toktar/?hl=ru

Нумеролог Ирина Раззақ белгілі спортшы әрі шоумен Еркебұлан Тоқтардың тағдыр картасын талдап, оның ішкі мінез-құлқы мен шаңырақ көтеруге қолайлы уақытын сипаттап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол TalkLike бағдарламасында айтты.

«Шығыс астрологиясында адамдар бес элементке бөлінеді: ағаш, от, су, темір және жер. Еркебұлан — «Ағаш» элементінің өкілі. Мұндай адамдар өте қайсар, алған бетінен қайтпайтын мінезді келеді. Қателесіп, басы тасқа тисе де, өз дегенінен бас тартпайды. Оны өсіп тұрған үлкен ағашқа теңеуге болады: бұтақ сияқты ие алмайсың, тек шауып қана құлата аласың. Сондай-ақ оның тағдыр картасында «Жылқы» жануары бар. Жылқы мінезді жандар тоқтамай, тек алға ұмтылады. Өкінішке қарай, олар алдымен әрекет етіп, салдары туралы кейін ойланады», — деді Ирина Раззақ.

Маман спортшының басына төніп тұрған биылғы қауіп-қатерлерге тоқталып, оның сырт көзге біліне бермейтін ішкі есебі мен ақылын да сөз етті.

«Бұл жылы оның картасында «қақтығыс» белгісі тұр. Ойланбай сөйлеуі, «жақсымды елге көрсетемін, біреуге өзімді дәлелдеймін» деген мақтанышы өзіне соққы болып тиюі мүмкін. Еркебұлан табиғатынан шоумен, өте ақылды әрі қу. Картасындағы «су» элементі оған мықты стратегия құруға мүмкіндік береді. Ол кез келген қадамын алдын ала жоспарлай алады», — деп ескертті нумеролог.

Ирина Раззақ спортшыға шаңырақ көтеруді келесі жылға қалдыруға кеңес беріп, оның таңдауын ата-анасы мен жақындары бірден құптай қоймайтынын ескертті.

 «Еркебұланға биыл емес, келесі жылы шаңырақ көтерген дұрыс. Егер ол биыл үйленсе, бұл шешім сезімнен қарағанда «біреуге бірдеңе дәлелдеу» немесе мақтану үшін жасалған асығыс қадам болып шығуы мүмкін. 2021 жылы да оның үйленуге мүмкіндігі болған сияқты, бірақ оның таңдауын жақындары ешқашан толық құптамайды. Егер адам үйде қаржылай көмектесіп, «кедейліктің жібін үзіп» отырса, туыстары сырттай «сенікі дұрыс» деп келіскендей болады. Бірақ іштей оның таңдаған жары бәрібір туған-туыстарына да, оқырмандарына да ұнамауы мүмкін. Ең бастысы — таңдауы өзіне ұнаса болғаны. Асығыс шешім қабылдамас үшін тойды келесі жылға қалдырғаны абзал», — деді Ирина Раззақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий