Өткен жылдардың елесі мен бүгінгі экономикалық шындықтың арасы алшақтап барады

19.01.2026 10:51 Арман Ермеков Арман Ермеков
Өткен жылдардың елесі мен бүгінгі экономикалық шындықтың арасы алшақтап барады
0
44
freepik.com

Сарапшы Ален Серік Ұлттық банктің зерттеуіне сүйене отырып, елдегі экономикалық өсімнің баяулауы қаржы тапшылығынан емес, өнімділіктің құлдырауынан екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz

Ұлттық банк маманы Рүстем Оразалин дайындаған талдауда «инвестиция мен несие көп болса, экономика өседі» деген ескі қағиданың бұдан былай жұмыс істемейтіні дәлелденген.

Деректерге сүйенсек, 2000–2007 жылдары Қазақстан экономикасы жылына орта есеппен 10 пайызға өсті. Алайда 2008 жылғы дағдарыстан кейін бұл көрсеткіш тұрақты түрде 4 пайызға дейін төмендеді. Инвестициялардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 31,9 пайыздан 17 пайызға дейін қысқарды.

Зерттеуші Солоу моделін қолдана отырып, маңызды парадоксты анықтады. 2020 жылы елдегі жинақталған капитал 17 триллион теңгеден асқанымен, экономикалық серпіліс болмады. Себебі - инвестицияның қайтарымы азайған. Яғни, экономикаға құйылған әрбір жаңа теңге бұрынғыдан әлдеқайда аз нәтиже беріп жатыр.

Басты проблемалардың бірі - несиелеу құрылымында:

  • Бизнеске берілген несиелердің 74 пайызы қысқа мерзімді айналым қаражатына кетеді;
  • Өндірісті кеңейтуге, яғни негізгі капиталға небәрі 5 пайызы ғана бағытталады;
  • Қаржы негізінен сауда мен жылжымайтын мүлік саласында шоғырланған.

Өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы жалпы несиенің тек 13 пайызын ғана алады.

Сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың қарыз портфелі 4,3 триллион теңгеге жеткен. Бұл нарықтағы корпоративтік несиелердің шамамен 60 пайызын құрайды. Ал шетелдік тікелей инвестициялардың 65 пайызы әлі күнге дейін тау-кен саласына салынады.

Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда экономикалық өсімді ақшамен «сатып алу» мүмкін емес. Қаржы ағынын көбейту тек теңсіздікті арттырады, ал ұзақ мерзімді өсім үшін өнімділік пен институттардың сапасы шешуші рөл атқарады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий