"Оян, қазақ!" фильмін кім және не үшін көрсетпей қойды? Продюсер түсіндірді

27.07.2026 21:37 Томирис САҒЫНДЫҚ
47
Фото: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды

Танымал продюсер Айсәуле Әбділдә «Оян, қазақ!» кинотуындысының неліктен әлі күнге дейін кең аудиторияға ұсынылмай, ашық көрсетілімге шықпай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

 «Ашықтан-ашық «тыйым салынды» деп мөр басылған ресми құжат болмаған соң, «дәл солай болды» деп кесіп айта алмаймын. Бірақ сұқбат бермей жүргеніміз жасырын емес, өзімізді жинақтап алуымыз керек болды. Ол кезде фильмнің неге шықпай жатқанын өзім де түсінбедім. Себебі оның авторлық құқығы — «Қазақстан» телеарнасында. Ал оны YouTube-қа жүктеу-жүктемеуді олар өзі шешеді: қаласа салады, қаламаса өз қоржынында ұстайды. Менде дайын өнім жоқ, авторлық құқық соларда. Соған қарамастан, жұрт әлі күнге дейін маған хабарласып: «Америкаға келіп қойып беріңізші, залды өзіміз жалға аламыз», — дейді. Польшадан, Түркиядан да осылай шақырғандар көп болды. Продюсер болған соң маған шығатын шығар, мен олардың бәрін арнаның өзіне бағыттаймын. Біз — оны жасап берген орындаушымыз, ал қабылдап алған тапсырыс беруші тарап бар. Бұл — біріншіден», — деп түсіндірді Айсәуле Әбділдә.

Сондай-ақ продюсер бұқараның мұндай жоғары азаматтық белсенділік танытқанына таңданысын жасырмады. Ел тұрғындары «Оян, қазақ!» фильмін өз өңірлерінде көрсетуді жаппай талап еткен болатын.

«Екіншіден, «тыйым салынды» дегенге келсек... Фильм прокатка шыққанда «тоқтата тұрыңдар" деді ме, әйтеуір мемлекет тарапынан бір шаралар болды. Айтып жүргендері де сол шығар. Әйтпесе «мүлде көрсетілмесін» деп түбегейлі тыйым салғаны есімде жоқ. Бірақ фильмді тоқтатып, кейін халық шулаған кезде мен біздің қоғамнан азаматтық белсенділікті көрдім. Өмірімде бірінші рет халықтың өзі — менің ешқандай қатысуымсыз — талап етіп, әлеуметтік желілерде: «Ана жақта да, мына жақта да жоқ. Неге біздің өңірде көрсетпейсіздер? Кім тоқтатып тастады? Қайтадан қойып беріңіздер, біздің көріп-білгіміз келеді», — деп өтініш айтып, фильмді қайтадан жүргізгізіп алды. Сөйтіп фильм көрерменімен қайта қауышты», — деді ол.

«Сонда сол кезде не үшін тоқтатты? Білмейсіз бе? Әлде бұл пиар ма?» — деп сұрады журналист Жанар Байсеміз.

«Нақты «мына себептен» деп айту қиын... Солай ойлағандар да болды. «Әдейі істеп отыр» деген сияқты. Бірақ мен ол кезде бесінші баламды босанып, перзентханада жатқан едім. Оның үстіне, егер маркетингті олай жасай алатын мықты маман болсақ, алдын ала фильмді тоқтатып, елді дүрліктіріп жүрер ме едік?! Оншалықты дәрежедегі маман емеспіз. Маркетингті сүйтіп ұйымдастыру қолымыздан да келмейді. Бұндай тоқтатулар — мемлекеттің немесе кинотеатрлар желісінің шешімімен болатын шаруа. «Бұл фильм кейбір адамдардың ашу-ызасын тудыруы мүмкін» деген сөздер айтылды. TikTok пен Telegram-да орыс тілді қазақтар ма, әйтеуір бір-екі адам: «Фильм халықтың шамбайына тиюі мүмкін» дегендей пікір калдырған. Былайша айтқанда: «Қазақтар бұл елде тек өздері қожалық етуі керек сияқты, өздеріне ғана басымдық берілуі тиіс сияқты сезімдерді оятып жібереді» деген астар бар. Иә. Арасында өзіміздің ішімізден де жазғандар болды. Ол көп емес, біреу ғана. Одан қалса Telegram-да бір белгісіз арна: «Бұлар Америкада оқыған, Америкамен байланысы бар, солардың тапсырмасымен түсірген» деп жазыпты. Енді Мұрат екеуміздің «Болашақпен» оқығанымызды бүкіл ел біледі. Қазір бәрі ашық заман ғой, жасыратын ештеңе жоқ. Американың жеке грантын алып, тығылып жүріп түсірген жоқпыз. Оқығанымызды да, Америкада жүрген сәтімізді де ашық көрсетіп отырдық», — деді Айсәуле Әбділдә.

Войдите, чтобы оставить комментарий