«Өз киімімді өзіңмен бірге жерлеймін»: Каспийде қаза тапқан сарбаздың сыңары жантебірентерлік жазба жариялады

28.09.2026 • 15:27 Мөлдір ҚАЙНАР
«Өз киімімді өзіңмен бірге жерлеймін»: Каспийде қаза тапқан сарбаздың сыңары жантебірентерлік жазба жариялады
1501
Фото: коллаж politico.kz

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу барысында орын алған қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан сарбаз Мирас Тұрдыбекұлының сыңары әлеуметтік желідегі парақшасында бауырына арнап көптің сай-сүйегін сырқыратқан жазба қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қыршын кеткен егізінің қазасы қабырғасын қайыстырған боздақ ішкі шерін ақтарып, сағынышын өлең жолдарымен және жүрекжарды сөздерімен жеткізген:

«Сені Мирас әлі мен егіз деймін,

Келер әлі Мирас деп сені іздеймін...

Күллі жұртқа сені мақтап мен әлі,

Жаман ана тапқан ұл дегізбеймін...

Бауырым, сенің орның бір бөлек еді. Сенің орныңды кім толтырады? Қолдан келер шара бар ма? Тек сені еске алумен өтем. Уайымдама, әкем мен анама өзім бас-көз боламын. Мені сағынсаң, осымен сағынышыңды басарсың деп, ертең өз бір киімімді өзіңмен бірге жерлеймін. Тек осылай бір-біріміздің сағынышымызды басайық, егізім-ау», – деп жазды ол.

Сонымен қатар ол марқұмның туған күнінде әскерге арнайы барып, құттықтаған кезін тебірене еске алды. Теңізде жоғалған күндері де сыңарын іздеп жаны жай таппағанын, алайда тағдырдың жазғанына шара болмай қалғанын күйіне жеткізді.

«Қолдан келер шара бар ма, бауырым-ау. Менің де қолымнан түк келмеді, іздедім, таба алмадым. "Диас, мен мындамын" деп белгі бердің ғой әр жерден. Егізім-ау, жаның жәннатта болғай», – деп ағынан жарылды марқұмның сыңары.

Жүректі сыздатқан бұл жазба желі қолданушыларының қабырғасын қайыстырып, оқырмандар марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтуда. Бұған дейін Каспийдегі апаттан 14 әскери қызметшінің қаза тапқаны ресми түрде хабарланған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий