«Өз көзімізбен көрдік»: қоғам қайраткері Заманбектің өлімі туралы бар шындықты жайып салды (ВИДЕО)
Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі қабырғасын қайыстырған Болат Әбілов желіде өз көзімен көрген ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Ол Алматының әкімі болып тұрғанда таныстық. Ол кезде Казкоммерцбанкпен бірге бірнеше жыл қатарынан «Азия Даусы» фестиваліне демеушілік жасадық. Заманбек шыншыл, таза адам еді. Сыбайлас жемқорлықтан ада болды.
Әкім қызметінен шеттетілген 1994 жылдың маусымы жақсы есімде. Бірнеше күн бұрын ол: «Болат, тез кел, сөйлесу керек» деп телефон соқты. Мен келдім, ол мені жайбарақат қарсы алды, бірақ көздерінен беймаза күйді байқадым.
Ол: «Жақында мені жұмыстан шығарады, мен олардың келуін күтпеймін, өзім кетемін» деді. Есімде, ол премьер-министр Терещенкомен жанжалдасып, әңгіме Назарбаевқа жеткен. Бірақ Заманбек, әдеттегідей тайсалмады: ол өз еркімен, абыроймен кетті. Ол турашыл, намысшыл болды.
2005 жылы 12 қараша күні кешке «Заманбек қайтыс болды» деген сұмдық хабар келді.
Төлеген Жүкеев екеуміз оның үйіне бардық. Бүкіл жер қоршауға алынды, журналистер мен полицейлер. Кейін адвокат Серікқали Мусинмен бірге бардық. Мақпал қайғыдан қан жұтып отырды. Оған адвокат керек болды. Сөйтіп сенімхатқа қол қойды да Серікқали бәрі болған үйге кірді.Кейін билік мұның бәрін суицидке таңды. Бірақ оған ешкім сенбейді. Біз мұны өз көзімізбен көрдік, білеміз – бұл кісі өлтіру.
Жиырма жыл өтті. Әлі де жауап жоқ, шындық, тергеу жоқ.
Заманбек Нұрқаділов Қазақстан тарихында ерлік, шынайылық және еркіндік символы ретінде қалады», – деп жазды Әбілов.
Соңғы жаңалықтар