«Өзіне қол салды деп жауып тастаған»: Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы тың дерек айтты

«Өзіне қол салды деп жауып тастаған»: Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы тың дерек айтты
Фото: time.kz

Ақтөбеде колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап, 42 күннен кейін көз жұмған 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың анасы ұлының өліміне қатысты істің қалай тергелгенін айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Күлайым Колованың сөзінше, бастапқыда полиция істі жауып тастаған. Ал баласы қайтыс болғаннан кейін ғана күдікті анықталған.

Қайғылы оқиға биыл сәуір айының аяғында Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, төртінші курс студенті, 21 жастағы Мәди Сүгербай түнде 16 жастағы Нұрбақыт Бақытты дүкенге тамақ алуға жұмсаған.

Жатақхананың есіктері жабық болғандықтан, жоғары курс студенті оны терезеден түсірмек болған. Іс материалдарына қарағанда, ол үш студенттің арасынан Нұрбақытты таңдап, бес көрпеден жасалған арқанмен төмен түсіруді көздеген. Алайда жасөспірім үшінші және төртінші қабаттың арасында төменге құлап кеткен.

Суыт хабарды естіген анасы Қызылордадан Ақтөбеге жеткенде, ұлы жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан.

– Баламның жағдайын көрдім. Комада жатыр. Жылап, не болғанын білу үшін сол күні бірден жатақханаға, мұғалімдеріне бардым. Бәрі «өзі құлап кетті, тамақ іздеп шықты» деп келісіп алған. Қасындағы балалар да полицияға солай айтқан. Сосын балам өзіне қол салды деп істі бірден жауып тастапты, – дейді Күлайым Колова.

Нұрбақыт 42 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, ақыры көз жұмған. Анасының айтуынша, ұлы қайтыс болғаннан кейін ғана қылмыстық іс тіркеліп, күдікті анықталған.

Қазір бұл істі Ақтөбе қалалық соты қарап жатыр. Мәди Сүгербайға «қауіпті жағдайда қалдыру» және «абайсызда қазаға ұшырату» баптары бойынша айып тағылған. Ол сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.

Ал Нұрбақыттың анасы айыпталушының заң алдында жауап бергенін қалайды.

– Мен де анамын ғой. Оның да анасы бар. Егер балам тірі қалғанда, тіпті мүгедек болып қалса да, кешірер едім. Бірақ менің балам жердің астында жатыр. Мен бұған қарап отыра алмаймын, – дейді ол.

Күлайым Колованың сөзінше, тергеуші оған айыпталушы 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.

– Маған сол 6 жылды берсе екен деймін. 2 жыл деген не? Рақымшылықпен де шығып кетуі мүмкін. Ең құрығанда баламның аруағы, менің жүрегім тынышталса деймін. Жазасын алсын. Мен баратын жердің бәріне барамын, – деді марқұмның анасы.

Іс ашық сот отырысында қаралып жатыр. Келесі сот отырысы 9 қарашаға белгіленген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу