"Ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ": Балжан Бидаш бұрынғы күйеуінің сынына жауап берді

Фото: instagram.com/bidash_official

Әнші Балжан Бидаш бұрынғы күйеуі, актер Жахан Отарғалиевтің шығармашылығына қатысты айтқан пікіріне үн қатты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін актер сұхбаттарының бірінде әншіге «Қазақстанда теңдесі жоқ әнші екенін дәлелдеуі керек» деген пікір білдірген болатын. Жақында желіде қайта тараған осы сөзге қатысты Балжан Бидаш ешкімге өзін дәлелдеуге міндетті емес екенін, алайда мұндай пікірді дамуға серпін ретінде қарастыруға болатынын жеткізді.

«Ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ дейді ғой. Бірақ оны мотивация ретінде қабылдаған да дұрыс. Сол арқылы өзіңді дамытасың. Алайда бұл беріліп, бар энергияңды сол адамдарға жұмсау керек деген сөз емес», – деді әнші.

Өнер иесі сонымен бірге өткен шаққа алаңдамай, тек өз ісіне назар аудару керектігін айтып, оқырмандарына да кеңес берді.

«Бұл стористі оқырмандарыма мотивация болсын деп салдым. Өзіңе сенімді болсаң, артқа қарамай, тек алға ұмтылып, өз жұмысыңды жасайсың. Сондай-ақ олар туралы әңгіме қозғауға да ниетің болмауы керек. Өз күшіңді өзіңе сақта!» – деп түйіндеді сөзін Балжан Бидаш.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу