Параны ақшалай емес, су жаңа айфон түрінде алған салықшылар сотталды

01.07.2026 11:57 Қарақат АСЫЛОВА
Параны ақшалай емес, су жаңа айфон түрінде алған салықшылар сотталды
145
Фото: gov.kz

Алматы облысында пара ретінде ақша емес, құны 1,5 млн теңге тұратын екі iPhone 17 Pro смартфонын алған Алатау қаласының салық шенеуніктеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы polites.news-ке сілтеме жасап.

2025 жылдың ақпанында кәсіпкер салық есебін тапсырып, табысын 72,2 млн теңге деп көрсеткенімен, автоматты бақылау жүйесі оның нақты кірісі 94 млн теңгеге жуық екенін анықтаған. Шілде айында кәсіпкерге заңбұзушылықты жою туралы хабарлама келген соң, ол желтоқсан айында мәселені шешу үшін салық басқармасына барған. Мекеменің салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Данияр Бектанов бизнесменге шоттары бұғатталып, 20 млн теңге айыппұл салынатынын айтып, ескертуді жою үшін 5 млн теңге сұраған.

Кәсіпкер бұл соманы бере алмайтынын айтып бас тартқаннан кейін, ғимараттан шыға берісте сол мекеменің камералдық бақылау бөлімінің басшысы болып істейтін ескі танысы Әнуар Сейтенді кездестіріп, ол басшылықпен делдал ретінде келіссөз жүргізуге уәде берген. Нәтижесінде Бектанов өзінің тікелей басшысы, Алатау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрділдә Бердіқұлмен ақылдасып, пара көлемін қағаз стикерге жазып берген. Онда жады 512 Гб болатын екі iPhone 17 Pro телефоны көрсетіліп, кәсіпкер 1,5 млн теңгеге қызғылт сары және күміс түсті екі смартфон сатып алып, шенеуніктердің кабинетіне апарып берген.

Қылмыстық іс фигуранттарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мамандары ұстаған. Биылғы жылдың 6 мамырында Іле аудандық сотының шешімімен басқарма басшысы мен бөлім бастығы пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 52,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Басқарма басшысы бір ай қамауда отырғандықтан, оның айыппұл сомасы 52 028 160 теңгеге дейін азайтылып, ол сот залынан босатылды. Делдал болған бөлім басшысы 15 млн теңге айыппұл арқалап, сотталғандардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот материалдарына сүйенсек, пара ретінде алынған телефонның бірін басқарма басшысы әкесіне берсе, екіншісін бөлім бастығы өзіне алып қалған, ал қазір бұл заттар мемлекет кірісіне тәркіленді. Сонымен қатар сотталған екі салықшыдан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 78 640 теңгеден, ал делдалдан 58 980 теңге өндірілді.

Сотталғандар кінәсін мойындап, кәмелетке толмаған балаларының болуы жазаны жеңілдететін мәнжай ретінде қабылданғанымен, Алматы облысы прокурорының орынбасары үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда сот құжаты талапқа сай емес деп танылып, прокуратураға кемшіліктерді жою үшін 2026 жылдың 2 маусымына дейін уақыт берілді.

Айта кететін жайт, пара берген кәсіпкердің өкілі жауапкершіліктен босатылып, іс материалдарында оған қатысты үкім көрсетілмеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий