Павлодар облысы әкімінің туған әпкесі жазаға тартылды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың туған әпкесі көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков хабарлады.
Оқиға осыдан тура бір ай бұрын Екібастұз қаласында болған. Полиция патрулі «Hyundai Tucson» маркалы автокөлікті тоқтатқан кезде рөлдегі әйел адамнан ішімдік иісі шығып тұрғаны байқалған. Тәртіп сақшылары жүргізушіні наркологиялық диспансерге жеткізіп, сараптама нәтижесінде оның жеңіл дәрежедегі мас күйде екені расталды. Осы дерек бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырылды.
Іс сотқа жеткенде әйел өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Оның уәжі бойынша ол ешқайда жүрмеген және далада тоңғандықтан көліктің ішіне кіріп жылынбақ болған. Алайда ішімдік ішкенін жоққа шығарған жоқ. Сотта оның сөзін Куликов есімді куәгер растауға тырысты. Өзін әйелдің жеке жүргізушісімін деп таныстырған ер адам көліктің өз үйінің жанында тұрғанын, ал қожайыны заттарын алуға келіп екеуі салонда жай отырған сәтте полиция келгенін алға тартты. Ол көліктің қозғалыссыз тұрғанын айтып ақталмақ болды.
Дегенмен патрульдік полиция қызметкерлері Тоқтасынов пен Нүркенов бұл нұсқаны теріске шығарды. Олардың баяндауынша көлік қозғалыста болған және салонда жүргізуші әйелден басқа ешкім болмаған. Сот тараптардың уәждерін тыңдай келе полиция қызметкерлерінің іс-әрекетін заңды деп тауып, хаттаманың дұрыс толтырылғанына көз жеткізді. Судья Елубай Серікпаевтың үкімімен тәртіп бұзушы 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды және 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Белгілі болғандай жауапқа тартылған азаматша – 53 жастағы Айгүл Қуандыққызы Байханова. Ол Павлодар облысының қазіргі әкімі Асайын Байхановтың үлкен әпкесі болып табылады.
Соңғы жаңалықтар