Павлодар облысында 13 адамы бар тікұшақ апатқа ұшырады
Павлодар облысындағы Заря ауылының маңында «ҚАЗАВИАҚҰТҚАРУ» компаниясына тиесілі Ми–8 тікұшағы апатты жағдайда қонды, деп хабарлайды Politico.kz.
Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, жоғалған адамды іздеуге шыққан әуе кемесінің бортында 13 адам: 5 экипаж мүшесі мен 8 жолаушы болған. 24 маусымда болған оқиғадан ешкім қаза тапқан жоқ, ал зардап шеккендер туралы мәлімет қазір нақтыланып жатыр.
Министрлік бұл жағдайды адам шығыны жоқ авиациялық апат деп таныды. Қазіргі уақытта Көліктегі оқиғаларды зерттеу департаментінің мамандары тиісті ақпаратты жинау үшін далалық тексеріс жұмыстарын бастап кетті.
Айта кетерлігі, осы жылдың мамыр айында Павлодар өңірінде ұшақ апаты тіркелген еді.
UPD: ҚР ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиеваның хабарлауынша:
Павлодар облысында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы Байдалы ауылынан бірнеше шақырым жердегі далаға мәжбүрлі түрде қонды.
Әуе кемесі 1950 жылы туған ер адамды іздестіру үшін ұйымдастырылған құтқару операциясына жұмылдырылған болатын. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, ер адам балық аулауға барып, мотоциклмен аударылып түскен және аяғын жарақаттап алған. Осыдан кейін ол көмек сұраған.
Іздестіру шаралары құрлықтағы күштер мен еріктілердің қатысуымен бір тәулікке жуық уақыт жалғасты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ер адам табылды. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Тікұшақ бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Борттағылардың барлығы аман, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Соңғы жаңалықтар