Павлодар облысында ұсталған азамат полиция бөлімінде көз жұмды
Павлодар облысында 37 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Qumash телеграм-арнасының жазуынша, оқиға 11 тамызда ГРЭС-2 полиция бөлімшесінде тіркелген. Марқұмның есімі – Ринат. Қарындасының сөзіне қарағанда, оны үйінің жанында ұстап әкеткен. Бұл жағдай марқұмның інісінің көзінше болған. Отбасы Ринаттың еш себепсіз ұсталғанын алға тартады.
Жарты сағаттан кейін кезекші қызметкер марқұмның анасына қоңырау шалған. Полицейлер одан бөлімшеге келуді сұраған. Анасы темір тордың ар жағында асылып тұрған ұлын көрген.
Марқұмның туыстары бұл жағдайға күмәнмен қарайды. Олар тәртіп сақшылары мұны шортының бауымен жасалған суицид ретінде көрсеткісі келеді деп есептейді. Отбасында жауапсыз сұрақтар көп. Олар Ринаттың не үшін ұсталғанын білгісі келеді. Сондай-ақ камераға қамау кезінде тінту жүргізілгеніне күмән келтіреді.
Бұл оқиғаға қатысты Павлодар облыстық полиция департаменті біздің тілшімізге түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 11 тамызда Екібастұз қаласының полициясына шақырту түскен.
"11 тамызда Екібастұз қаласының полициясына үйдің ауласында мас ер адам қоғамдық тәртіпті бұзып, әйелді күш қолданумен қорқытып жүргені туралы шақырту түскен. Оқиға орнына келген полицейлер бұзақылық жасаған ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, ер адам бұрын сотталған және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушы арнайы бөлмеге орналастырылды. Біраз уақыттан кейін ол ес-түссіз күйде табылды. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ер адам қайтыс болды", – деп жауап берді полициядан.
Қазіргі уақытта іске қатысты бейнежазбалар тәркіленді.
Соңғы жаңалықтар