Павлодарда 19 басшы тендердің былығы үшін жазаланды

01.12.2025 14:04 Арман Ермеков
Павлодарда 19 басшы тендердің былығы үшін жазаланды
0
72
Фото: ашық дереккөз

Павлодарда мемлекеттік сатып алудағы олқылықтарға көз жұмған басшылар жаппай жазаланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Павлодар облысында жауапсыз мердігерлердің әрекетіне дер кезінде тосқауыл қоймаған лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құзырлы орган өкілдері мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарының өрескел бұзылғанын анықтап, нәтижесінде он тоғыз басшыға айыппұл салынды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірдегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарын жүйелі түрде сақтамаған. Ережеге сәйкес тапсырыс беруші тарап міндеттемесін орындамаған жеткізушіні анықтаған сәттен бастап 30 күн ішінде оны жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті. Алайда талдау нәтижелері көрсеткендей жауапты тұлғалар бұл мерзімді бірнеше рет елеусіз қалдырған.

Мұндай салғырттық пен әрекетсіздік өз кезегінде жосықсыз жеткізушілердің жауапкершіліктен жалтарып кетуіне қолайлы жағдай туғызды. Салдарынан шарт талаптарын орындамаған мердігерлер заң алдында жауап бермей келген. Ал қолданыстағы заңнамада мұндай кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғалардың тікелей әкімшілік жауапкершілігі қарастырылған.

Прокурорлар нақты мысал ретінде Ақсу қаласындағы жағдайды алға тартты. Жергілікті мектеп-лицейдің басшылығы «KAZ SERVICE PVL» серіктестігінің келісімшартты бұзғанын 2024 жылдың тамыз айында білген. Алайда тиісті шара қолданудың орнына сотқа талап арызды араға бес ай салып барып жолдаған. Заңда белгіленген мерзімнің өтіп кетуіне байланысты сот мекеменің арызын қанағаттандырудан бас тартты. Осы дерек негізінде прокуратураның ұсынуымен Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мектеп директорына қатысты шара қолданып, айыппұл арқалатты.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий