Павлодарда ер адам жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуыл жасады

11.06.2026 08:37 Әсел МҰРАТ
Павлодарда ер адам жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуыл жасады
203
Фото: ашық дереккөз

Павлодарда ер адам жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуылдаған, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға кеше Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Ер адам өзіне көмек көрсетуге келген медицина қызметкерлеріне тап беріп, жедел жәрдем көлігінің ішін ойрандаған.

Павлодар облыстық жедел жәрдем стансасының мәліметінше, 10 маусым күні 14:57-де жедел жәрдем пультіне өтіп бара жатқан адамнан көшеде белгісіз ер адамның сұлап жатқаны туралы шақырту түскен. Дәрігерлер бригадасы аталған орынға 9 минутта жеткен. 

«Медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетпек болған кезде ол дөрекілік танытып, бригадаға пышақпен тап берген. Жүргізушіні жұдырықпен ұрып, кейін реанимобиль салонындағы медициналық препараттар толтырылған ампулаларды сындырып, көліктен медициналық қобдишаны лақтырып, ойран салған», — деп хабарлады жедел жәрдем стансасынан.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған. Зардап шеккен медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына тиісті арыз жазған.

Облыстық полиция шабуылдаған ер адамның ұсталып, мамандандырылған емдеу мекемесіне жатқызылғанын хабарлады.

Полиция жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіп төндіру немесе күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Айта кету керек, медицина қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсетіп немесе оларға шабуыл жасағандар 1 наурыздан бастап қатаң жазаланады.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий