Павлодарда полицейлерді тістеп алған үш баланың әкесі сотталды

05.02.2026 20:22 Арман Ермеков
Павлодарда полицейлерді тістеп алған үш баланың әкесі сотталды
255
Фото: gov.kz

Павлодарда полиция қызметкерлеріне күш қолданған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 39 жастағы қала тұрғынын билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін кінәлі деп таныды. Оқиға былтыр жаз мезгілінде орын алған. Ломова көшесіндегі караоке клубтарының бірінің алдында тұрған ер адам өтіп бара жатқан патрульдік көлікке боқтық сөздерді айқайлап, кейін ғимаратқа кіріп кеткен. Полицейлер оның артынан барған кезде клуб күзетшілері ер адамның өзін дөрекі ұстағанын және мекемеден кетпей қойғанын айтқан.

Тәртіп сақшылары ер адамды сыртқа шығаруға тырысқанда ол қарсылық көрсеткен. Баспалдақтағы жанжал кезінде ер адам бір полицейді итеріп жіберген. Тәртіп сақшылары газ баллонын қолданғаннан кейін ол бір қызметкердің жамбасынан, ал екіншісінің басынан тістеп алған. Сондай-ақ олардың қызметтік киімін жыртқан.

Сотта үш баланың әкесі кінәсін мойындамады. Ол газ шашқаннан кейін жағы тартылып қалғанын алға тартты.

«Полиция қызметкерін тістейін деген ниетім болмаған, газ баллонын шашқаннан кейін жақ сүйегім тартылып қалды. Погондарын жыртпадым, мас болғандықтан құлап, кеудешесін тартып қалған болуым мүмкін. Ол мас күйде болғандықтан полицейдің басынан тістеп алғанын мойындайды», – делінген сот құжатында айыпталушының сөзі.

Сот сараптамасы полицейлердің дене жарақатын алғанын растады. Судья айыпталушының ісі ауыр қылмыстар санатына жататынын ескеріп оны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Осы уақытқа дейін үйқамақта отырған сотталушы сот залынан қамауға алынды. Ер адам үкіммен келіспей апелляциялық шағым түсірді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий