Павлодарлық жетім қыз инстаграм арқылы бір күнде пәтерлі болды

25.04.2026 14:45 Арман Ермеков
Павлодарлық жетім қыз инстаграм арқылы бір күнде пәтерлі болды
260
Халық Анастасия Куликке 24 сағатта 8 млн теңге жинап берді. Коллаж Politico.kz

Павлодар қаласында балалар үйінде өскен 32 жастағы Анастасия Кулик Instagram желісі арқылы бір тәулікте 8 млн теңге жинап, баспаналы болды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Qazinform-ға сілтеме жасап.

Анастасия 8 жасында анасынан айырылып, интернатта тәрбиеленген. Жалғызбасты қыз 20,5 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерді 5,5 млн теңгеге несиеге алған. Аз жалақымен қарызды төлеу қиынға соққандықтан, ол 5 мың оқырманы бар парақшасында көмек сұрап бейнеролик жариялаған.

"Егер тым болмағанда 30 мың адам маған 200 теңгеден аударса, менің жеке пәтерім болар еді. Шағын ғана болса да мені шексіз қуанышқа бөлейтіні анық. Мен әлемге, ондағы адамдардың шексіз мейірбандығына сенемін", – деді ол.

Ролик тез тарап, бейтаныс адамдар ақша аудара бастаған. Арада 24 сағат өткенде оның есепшотында 8 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Анастасия бұл ақшамен 18 сәуір күні банктегі несиесін толық жапқанын хабарлады.

"Мұндай таңғажайып оқиға өмірімде пайда бола қалғанына әлі күнге сене алар емеспін. Әуел баста банктен мәжбүрлі түрде ақшалай несие рәсімдеген едім. Оған құны 5,5 млн теңге тұратын, аумағы 20,5 шаршы метр бір бөлмелі шағын пәтер сатып алдым. Ал қазақстандықтар маған бір тәулік ішінде 8 млн теңгеден астам қаражат жиып береді деп кім ойлаған!? 18 сәуір күні жиналған ақшадан банктен алған несиемді, яғни үйдің құнын толықтай өтедім. Қалған қаражаттың бір бөлігін пәтерімді жөндеуге жұмсап жатырмын. Сондай-ақ анам мен әжемнің зираттарының басындағы ескерткіштерін (крест) жаңалайтын ойым бар. Маған осы күндері көмек сұрап хабарласқандар бар. Қатерлі дертке шалдыққан екі адамға қаражат аудардым. Ал адамдар маған әлі күнге ақша аударуларын қояр емес. Сондықтан мен ақша жинауды тоқтаттым. Бұл уақытқа дейін маған көмек көрсеткен адамдарға алғысым шексіз! Мен мейірбан жандардың айналамызда көп екеніне шын мәнінде көз жеткіздім. Мен өзімнің әлі де өзгелерге керек екенімді жан дүниеммен сезіндім", – дейді Анастасия.

Қыздың балалық шағы ауыр өткен. Павлодардағы мектеп интернаттарында оқып, кейін Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжде режиссер мамандығын тәмамдаған. Оқуды бітірген соң Ресейдің Омбы мемлекеттік университетінде театр және кино актері мамандығын меңгеріп шыққан. Колледжде оқып жүргенде далада қалған қызға ұстазы Қайыржан Бейсенбаев көмектесіп, өз үйіне тұрғызған.

Студент кезінде ол цирк өнерінің бір түрі қақпақылдауды үйреніп, көшеде 4–5 доппен өнер көрсету арқылы тамағы мен киіміне ақша тапқан. Сондай ақ ол автостоппен Ресейді аралап, Судак қаласына барып, алғаш рет теңізді көрген.

Омбыдағы оқуын бітірген соң пандемия кезінде Павлодарға оралып, Чехов атындағы драма театрына жұмысқа тұрады. Театрда 6 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ол бірнеше маңызды қойылымдарда ойнаған. Қазіргі уақытта кино кастингтеріне қатысып, йога жаттықтырушысы болып та жұмыс істейді.

Анастасия қиын сәтте қол ұшын созған барлық адамдарға алғыс айтып, Қазақстанда тұратынын мақтан тұтатынын мәлімдеді. Болашақта ол қазақ тілді үйренуді жоспарлап отыр.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий