Полиция Елтаңбаны үйіне ілген блогерді не үшін жазаланғанын түсіндірді
Жетісу облысында қоқыстан тауып алған Елтаңбаны үйіне іліп қойған блогер Данияр Бейісқали ісіне қатысты полиция түсініктеме беріп, оның рәмізді құтқарғаны үшін емес, оған құрметсіздік танытқаны үшін жазаланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Ақпарат кеңістігінде азаматтың мемлекеттік рәмізді тауып алғаны үшін жауапқа тартылғаны туралы жалған мәлімет тарап жатыр. Ер адам Елтаңбаны тапқаны үшін жазаланған жоқ, бұл әрекет құқық бұзушылық болып саналмайды. Ол рәмізді тауып алғаннан кейін оған құрметсіздік танытып, әдепсіз түрде суретке түскен және оны бұрмалап желіге жүктеген», – деді Жетісу облыстық полиция департаменті.

«Құзырлы органның ұсынысы бойынша бұл әрекеттерге құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік көрсету ретінде сараланды. Осы факті бойынша ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция тек заң аясында әрекет ететінін атап өтеміз, сондықтан азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз», – деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, бұған дейін блогер осыдан 4 жыл бұрын Елтаңбаны қоқыстан тауып алып, тазалап үйіне іліп қойғанын айтқан болатын. Ол мұны мемлекеттік рәмізді сақтап қалу үшін жасағанын түсіндіргенімен, арада 4 жыл өткен соң Ақсу ауданының әкімдігі желідегі жарияланымды байқап тәртіп сақшыларына шағым түсірген. Нәтижесінде оған 216 мың теңге айыппұл салынған еді. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейінірек ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те өз пікірін білдірген болатын.
Соңғы жаңалықтар