Қоқыстан тауып алған Елтаңбаны үйіне ілген блогерге айыппұл салынды
Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғыны, блогер Данияр Бейісқали қоқыс полигонынан тауып алған мемлекеттік рәмізді үйіне іліп қойғаны үшін 216 мың теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды Politico.kz.
Блогердің айтуынша ол осыдан 4 жыл бұрын Елтаңбаны қоқыстан тауып алып, оны тазалап өз үйіне іліп қойған. Ол бұл әрекетін мемлекеттік рәмізге деген құрметін көрсетіп, оны сақтап қалу мақсатында жасағанын Инстаграм парақшасында түсіндірген. Данияр бұл Елтаңба бұрын бір мекемеде ілулі тұрғанын және олар бұл жағдайдың ашылып қалуынан қорқады деп есептейді.
Арада 4 жыл өткеннен кейін Ақсу ауданының әкімдігі желідегі жарияланымды байқап қалып, тәртіп сақшыларына шағым түсірген. Шенділер бұл әрекетті мемлекеттік рәмізді мақсатсыз пайдалану деп бағалап, полиция блогердің жеке басын анықтап айыппұл жазып берді. Жетісу облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп өтті.
«Мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалады және оларды тек белгіленген тәртіппен ғана пайдалануға болады», – деп мәлімдеді полиция.
Соңғы жаңалықтар