Прокурор Bek Air апатына ұшқыштарды жауапты деп таныды

31.10.2025 15:53 Арман Ермеков
Прокурор Bek Air апатына ұшқыштарды жауапты деп таныды
0
131

Алматы қалалық сотында 2019 жылғы желтоқсанда орын алған Bek Air әуе апатына қатысты іс бойынша сот жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы бұл істе қаза болған экипаж мүшелерін кінәлі деп тануды сұрады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Мемлекеттік айыптаушы Айдос Палмановтың айтуынша, іс бойынша басты айыпталушылар ұшақ командирі Марат Мұратаев пен екінші ұшқыш Миржан Мұлдақұлов. Екеуі де апат кезінде қаза тапқандықтан, сотталушылар орындығында ешкім жоқ.

Прокурор ұшақтың құлауына қанаттағы мұз қабаты себеп болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ұшақты мұздан тазарту жұмыстарына тікелей экипаж жауапты болған.

«Қанаттағы мұз ұшу кезінде көтергіш күшті жоғалтуға әкелген. Нәтижесінде ұшақ биіктік ала алмай, ұшу жолағынан шығып, бетон қоршау мен екі қабатты ғимаратқа соғылды», - деді айыптаушы.

Сотта жәбірленуші тараптың жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгені құрайтын азаматтық талап-арызы қаралды. Прокуратура бұл материалдық және моральдық шығынды «Bek Air» акционерлік қоғамынан толық өндіріп алуды сұрады. Осыған байланысты, айыптаушы компанияның мүлкіне салынған тыйымды талаптар орындалғанша күшінде қалдыруды ұсынды.

Сондай-ақ, іс бойынша сараптамаларға жұмсалған 1,7 миллион теңге шығын айыпталушылардың қайтыс болуына байланысты мемлекет есебінен өтелетіні айтылды.

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан сол кездегі Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған Fokker 100 ұшағы апатқа ұшыраған. Оқиға салдарынан 12 адам көз жұмып, 69 жолаушы жарақат алды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий