Публицист: Түріктер қазақтың ғылымға бейімділігі өте жоғары деп таңғалады

24.07.2026 16:24 Томирис САҒЫНДЫҚ
Публицист: Түріктер қазақтың ғылымға бейімділігі өте жоғары деп таңғалады
71
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жазушы әрі публицист Санжар Керімбай қазақ жастарының бойындағы алғырлық пен зейінділіктің сыры тереңде, яғни «жеті ата» институты мен қан тазалығында жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Ұлт» порталына берген сұқбатында айтты.

«Қазақтың ғылымға деген бейімділігі өте жоғары. Оны мен өзім де түрік мұғалімдерінің алдында сабақ алған кезде жиі еститінмін. Олар: «Неге сендерде, осындай Еуропаға жақын отырғаннан кейін бе, ойлау жүйелеріңде, алғырлықтарыңда ерекше бір қасиеттер байқалады?» – дейтін. Бұл құбылыс бізде физика мен математикадан халықаралық жарыстарға баратындардың бойынан бірден байқалады. Бойларында ерекше икемділік бар. Меніңше, бұл көбіне жеті атаға байланысты. Қан алыстан қосылғаннан кейін, инцестке жақындамай, қан тазалығы сақталған сайын адамның интеллекциясы, есеп-қисапқа, ғылымға деген бейімділігі де күшті болады», – деді Санжар Керімбай.

Алайда, спикердің пікірінше, бүгінде бұл әлеуетке ішкі саясаттағы тоқырау бөгет болып отыр. Ол оқу-ағарту саласындағы олқылықтар мен кітап оқу мәдениетінің кенжелеуі салдарынан елімізде кітап оқымайтын бүтін бір буын қалыптасқанын өкінішпен жеткізді. Осыған байланысты публицист халықты ағартушылық жолға қайта бұрып, білімді әрі оқыған ұлтқа айналдыру – ел болашағының басты кепілі екенін баса айтты.

«Бірақ, өкінішке қарай, қазір Қазақстанда ішкі саясат тоқырауда. Жалпы, ішкі саясаттың өзі бұқара халықты, әсіресе қазақтілді ортаны мүмкіндігінше басын көтерппеуге, дұрыс оқулық жазып бермеуге, мектептерді сапалы қамтамасыз етпеуге бағытталғандай. Үлкен университеттердің өзінде қазақ факультеттерін ашады да, оқулықтарын орысша беріп қойып, жай ғана аты бар қылып отыра береді. Сондай-ақ кітап шығару, кітап оқу саясатын жүргізбеу де осыған дәлел. Біз тек 2026 жылы ғана президент Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» концепциясы негізінде жұмыс жасайтын «Кітапхана салайық» деген идеясын естіп жатырмыз. Ал 36 жылдың ішінде кітап оқымайтын бір жарым буынды қалыптастырып алдық. Кітап оқымайтын ұлт деген сөз — ұры-бөріге айналып, арты түрмелердің аузы-мұрны шығып толуына әкеледі. Егер сіз қайтадан бұл халықты ағартушылық жолға қойып, қайтадан оқитын ұлтқа айналдыратын болсаңыз, оның жақсы қасиеттері күннен-күнге ашыла береді. Ал егер оқу-ағарту саласын тоқыратып, «Құдай берген қасиеттеріңе сеніңдер» деп отыра беретін болсаңыз, ештеңе де қалмайды, бар қасиетінен айырылады», — деді жазушы.

Войдите, чтобы оставить комментарий