Ақтөбелік жасөспірім ұл желіде танысқан ер адаммен интимдік қатынастан кейін ауруханаға түскен

16.09.2026 10:48 Әсел МҰРАТ
Ақтөбелік жасөспірім ұл желіде танысқан ер адаммен интимдік қатынастан кейін ауруханаға түскен
28
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде әлеуметтік желіден танысқан 40 жастағы ер адам 16 жастағы оқушымен жыныстық қатынасқа түскеннен кейін жасөспірім ауруханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Politico.kz hronika.kz-ға сілтеме жасап.

Оқиғаға қатысты мәліметті баланың отбасының адвокаты Данияр Сүндетбаев айтып берді.

Адвокаттың сөзінше, ер адам жасөспіріммен әлеуметтік желіде танысып, онымен ойындар туралы сөйлесіп, комплименттер айтқан. Тіпті бірнеше рет оның есепшотына ақша аударған. Уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы жақындай түскен.

Кейін жасөспірімнің жаңа танысы 40 жастағы ер адам екені анықталған. Адвокаттың айтуынша, ер адам бірнеше баланы тәрбиелеп отырған отбасы адамы болғанына қарамастан, кәмелетке толмаған жасөспіріммен бірнеше рет интимдік қатынасқа түскен.

Ата-анасы бұл жағдайды баласы денсаулығына байланысты ауруханаға түскеннен кейін білген. Осыдан соң олар полицияға жүгініп, қылмыстық іс қозғауды сұраған.

Алайда адвокаттың мәлімдеуінше, бастапқыда полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Құқық қорғау органдары жасөспірімнің жасы 16-да болғанын және оның әрекеті ерікті түрде жасалғанын негізге алған.

«Полиция қызметкерлері келісім беру жасына сілтеме жасайды. Олардың айтуынша, бала 16 жаста болған және өзі келіскендіктен, 40 жастағы ер адамды жауапқа тартуға негіз жоқ», – деді Данияр Сүндетбаев.

Жасөспірімге басқа ер адамдар да жазған. Баланың ата-анасы оның әлеуметтік желідегі басқа қолданушылармен жазысқан хаттарының скриншоттарын да жинаған.

Олардың арасында көліктің жанында жалаңаш денесін көрсетіп түскен ер адамның суреті бар аккаунт та болған. Аккаунт иесі өзін 25 жастағы жігіт ретінде көрсетіп, 16 жастағы оқушыны кофе ішуге шақырған.

Ата-анасының айтуынша, суреттегі көліктің мемлекеттік нөмірін анықтаған кезде оның полиция қызметкеріне тиесілі екені белгілі болған. Ата-анасы полицияға жүгінгеннен кейін аталған аккаунт әлеуметтік желіден өшіп кеткен.
Адвокаттың сөзінше, істі полиция шамамен үш ай бойы қараған. Осы уақыт ішінде баланың ата-анасы тергеуге шақырылмаған. Қорғаушы сондай-ақ телефон қоңырауларының детализациясы алынбағанын және кездесулер болған үйдегі бейнебақылау жазбалары сұратылмағанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, адвокаттың айтуынша, 40 жастағы ер адам бірнеше жыл бұрын да осыған ұқсас жағдай бойынша полиция назарына іліккен. Ол істің кейін тоқтатылғанын айтты.

Қорғаушы істегі тағы бір адамға қатысты да сұрақ бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл азамат жасөспірімнің 40 жастағы ер адаммен кездесулеріне жағдай жасап, тіпті такси жіберіп отырған. Адвокат осы әрекеттерге құқықтық баға берілуі керек деп санайды.

Қазір жасөспірім ем қабылдап жатыр, оған екінші операция жасалуы жоспарланған.

Іс бойынша жағдай кейін өзгерген. Ақтөбе полициясы бастапқыда қылмыстық істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатқан. Алайда адвокаттың шағымынан кейін прокурорлар бұл шешімнің күшін жойып, істі қайта қозғауға және мектеп оқушысын жауап алуға қатысты нұсқау берген.

Істің қазіргі процессуалдық мәртебесіне және оған қатысы бар адамдардың әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны тергеу нәтижесі мен сот береді. 

Войдите, чтобы оставить комментарий