Путин 30 күндік бітімнің нақты шарттарын белгілеуді талап етті

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ пен Украинаның 30 күндік уақытша бітім орнату ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Президент Путин баспасөз конференциясында Ресей бұл ұсынысты қолдайтынын, бірақ бірқатар маңызды мәселелерді анықтап алу қажет екенін айтты.
Путин не айтты
Путиннің талабы: ол атысты тоқтату кезінде Украина мобилизация жүргізбей, әскери дайындық өткізбей және қару-жарақ қабылдамайтынына кепілдік беруді сұрайды.
«Бұл 30 күндік мерзім қандай мақсатта пайдаланылады? Украина осы уақыт ішінде мобилизацияны жалғастыра ма? Егер олай болмаса, бақылау механизмі қандай болмақ? 2000 шақырымдық майдан шебінде атыстың тоқтағанын кім бақылайды? Бұл маңызды сұрақтар», – деді Ресей басшысы.
Журналистердің атысты тоқтату туралы сұрағына жауап бергенде, Путин ең алдымен соғысты реттеуге үлкен көңіл бөліп отырғаны үшін Дональд Трампқа алғыс айтты.
«Біз соғыс қимылдарын тоқтату туралы ұсыныстармен келісеміз. Бірақ ол ұзақмерзімді бейбітшілікке алып келетін, әрі осы дағдарыстың алғашқы себептерін жоятын жағдайда болуы керек», – деді Путин.
Оның айтуынша, қазір Ресей «жерде» (майдандағы жағдайға қатысты) үстемдікке ие, әсіресе кеше өзі болған Курск облысында жағдай солай көрінеді.
«Мен толық сенемін: Украина жағдайды ескере отырып (атысты тоқтату туралы) АҚШ-тан өзі сұрауы қажет еді, өйткені жердегі ахуал оған мәжбүрлейді», – деді Путин.
Путиннің пайымдауынша, ресейліктер Курск облысындағы жағдайды «толық бақылап» отыр.
Сондай-ақ ол Мәскеу бейбітшілік идеясын қолдайтынын бірнеше рет атап өтті, бірақ «талқылайтын мәселелер бар» екенін айтты.
«Атысты тоқтату жайлы бұйрықты кім береді? Ал ол бұйрықтың құны қандай? Мына 2000 шақырымға жуық (қақтығыс шебін меңзеп отыр – Ред.) аумақта кім және қай жерде келісімді бұзды деп анықтаймыз?», – деді Путин.
Бұдан бөлек, Владимир Путин атысты тоқтату мәселесін Дональд Трамппен талқылау мүмкіндігін де жоққа шығармайтынын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар





