"Қаланы жезөкшелерден тазартамыз". Алматыда жындыхана қызметкерлері әйелдерді сойып жеген
1999 жылдың басында Алматыда әйелдердің бөлшектелген дене мүшелері табылып, тұрғындар арасында маньяк туралы қауесет тарады. Алайда тергеу барысында қылмыстың артында жалғыз адам емес, Республикалық психиатриялық ауруханада жұмыс істеген Сергей Копай, Евгений Турочкин және Михаил Вершинин есімді үш қызметкердің тұрғаны анықталды. Олар өзін «қаланы секс-қызметкерлерден тазартушымыз» деп санаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Қанды оқиға 1998 жылдың сәуірінде басталған. Ақшаға таласқан Копай мен Турочкин алғашқы құрбанын сойып, етін пісіріп жеген, тіпті туыстарына «иттің еті» деп дайындап берген. Кейін оларға идеялық жетекші ретінде Вершинин қосылып, қылмыс жүйелі сипат алды: әйелдерді пәтерге алдап әкеліп, психотроптық дәрі беріп, өлтіріп отырған. Вершинин сериялық қылмыскерлерге еліктеп, тіпті құрбандардың бірінің бас сүйегін кәдесый ретінде сақтамақ болған.
Қылмыскерлердің жолын аман қалған екі әйел кесті. Уланған сусыннан ес жиып қашып шыққан олар полицияға мекенжайды көрсетіп, 1999 жылдың тамызында үштік ұсталды. Тергеу ресми түрде 7 әйелдің өлімін дәлелдегенімен, табылып, иесі анықталмаған киімдер мен әшекейлер құрбандар саны бұдан да көп болғанын аңғартады.
2000 жылдардың басында сот үшеуін де өлім жазасына кесті. Бірақ шағымдар мен мораторийдің енгізілуіне байланысты жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Копай түрмеде көз жұмды, ал Турочкин мен Вершинин қазір «Қара бүркіт» мекемесінде жазасын өтеп жатыр.
Соңғы жаңалықтар