Қалайша ресейліктер қазақ карталарын үйлеріне жеткізіп алып отыр

06.11.2025 19:30 Арман Ермеков
Қалайша ресейліктер қазақ карталарын үйлеріне жеткізіп алып отыр
0
937
Фото: Nationalbusiness.kz

Қазақстанда халықаралық шектеулерге қарамастан, Ресей азаматтарына төлем карталарын алуға мүмкіндік беретін біртүрлі қаржылық схемаларға қатысты дау басылар емес. Бұл жөнінде Nationalbusiness.kz басылымының жаңа зерттеуіне хабарлайды.

Басылым бұл тақырыпқа арналған зерттеуінің екінші бөлімін жариялады. Бұл жолы журналистер виртуалды картадан бөлек, нақты, қолға ұстайтын пластик картаны алудың схемасын егжей-тегжейлі зерттеген.

Естеріңізге сала кетсек, зерттеудің бірінші бөлімінде басылым ресейліктерге «Испаниядағы банкоматтан бастап, ChatGPT төлеміне дейін кез келген жерде жұмыс істейтін» картаны қалай ұсынып жатқанын жазған. Жарнаманың уәдесі тіпті қызық: картаны рәсімдеу үшін шетелдікке міндетті саналатын ЖСН де, қазақстандық SIM-карта да қажет емес. Тіпті, карта 5 жыл бойы жарамды болады деп сендірген.

Алайда, ереже бойынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның резидент еместеріне карталар тек бір жылға ғана берілуі тиіс.

Басылым тексерген бұл схема клиенттен тек телефон нөмірін, шетелдік төлқұжатты және "Цифра Банктегі" шотты ғана талап еткен (Бұл Freedom Holding Corp. тобының Ресей нарығынан кеткеннен кейін сатылған бұрынғы активі).

Картаның өзі «Қазақстанның жетекші банктерінің бірі – Freedom Finance-те рәсімделеді» делінген. Бірақ іс жүзінде бұл банк емес, брокерлік компания болып шықты. Ол бұрынғы ресейлік, қазіргі қазақстандық бай бизнесмен Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding Corp. құрамына кіреді.

Схема Қазақстанда ешқашан болмаған, Тула қаласының тұрғыны Е.К. есімді ресейліктің "Цифра Банкте" брокерлік шот ашуынан басталған. Ол "София" атты чат-боттың нұсқауларына сүйенген. Чат-бот оған: «Шот ашу Қазақстанның ЖСН арқылы емес, брокер арқылы жүреді» деп түсіндірген. Осылайша Е.К. виртуалды Visa картасына ие болған. Оның "Цифра Банктегі" брокерлік шотындағы долларлары лезде виртуалды картада теңге болып көрінген.

Осы картаның көмегімен Е.К. бірнеше әрекетті жасай алды:

  • Қазақстан азаматынан комиссиясыз теңгемен ақша аударымын қабылдау.
  • Қазақстандық банк картасына ақша жіберу (бұл жолы комиссиямен).
  • Netflix жазылымын сатып алу (бұл әрекеттерді ресейлік банк картасымен жасау мүмкін емес).

Nationalbusiness.kz зерттеуінің жаңа бөлімінде осы Е.К.-ның енді пластик картаны қалай алғаны баяндалады. Ол үшін үйінен шығып, курьермен кездесуге тура келген, себебі пластик тек ірі қалаларға ғана жеткізіледі екен. Қосымша ақы төлеп, ол "банктік" пластигі бар стандартты конвертке қол жеткізген.

Картада Freedom Bank, Freedom Holding Corp. және Visa логотиптері, сондай-ақ "Invest cart" пен "Freedom Banker Card" деген жазулар болған. Артында Алматының 7272 кодын және Freedom Bank Kazakhstan нөміріне ұқсас қысқа қолдау нөмірін байқауға болады.

Бірақ бұл пластиктің біртүрлі тұстары көп. Басылымның жазуынша, картада иесінің аты-жөнi ойып жазылмаған, ал қосымшаның ішінде банктік шот нөмірі - IBAN мүлдем жоқ. Осы "физикалық" пластикті алғаннан кейін Е.К.-ның қосымшасында нөмірі де, жарамдылық мерзімі де басқа, екінші, жаңа карта пайда болған. Бірақ бұл картада үш таңбалы CVV-коды да, иесінің аты-жөні де көрсетілген.

Басылым екі карта да, виртуалды да, пластик те бір ғана брокерлік D-шотқа байланған деп болжайды. Мұны сервистің чат-боты да растаған: «Қарапайым картадан басты айырмашылығы: брокерлік шот арқылы ашылады, картаның өзі кәдімгі дебеттік болады».

Төлем картасын банктің емес, «брокерлік шоттың» шығаруы – бұл өте стандартты емес жағдай. Сондықтан Nationalbusiness.kz бұл мәселені анықтау үшін ҚР Ұлттық Банкіне ресми сауал жолдаған. Сауалдың мазмұны: «Қазақстандағы банк немесе брокерлік компания резидент еместерге (басқа ел азаматтарына) ЖСН-сіз карта шығара ала ма?»

Ұлттық банк «Төлемдер және төлем жүйесі туралы» Заңға сәйкес, төлем картасын шығаруға тек екінші деңгейлі банктер немесе Ұлттық пошта операторы ғана құқылы екенін хабарлады.

Демек, брокерлік компаниялардың төлем карталарын шығаруға ешқандай құқығы жоқ.

Ұлттық банк дебеттік карта клиенттің банктік шотындағы ақша шегінде жұмыс істейтінін, сондықтан оны ашу үшін міндетті түрде банктік шот қажет екенін қоса айтқан.

Зерттеу барысында тағы бір қызық жайт анықталған. Ресейлік Е.К. өзінің виртуалды картасынан шетелге ақша аударғанда, CVV-кодын, карта мерзімін немесе алушының атын енгізбеген. Тек 16 таңбалы нөмірді терген. Бұл Visa Direct жүйесінің пайдаланылғанын көрсетуі мүмкін.

Бірақ ең таңғаларлығы басқада. Тілшілер әлгі ресейліктің виртуалды картасына 1000 теңге аударуға тырысқанда, 16 таңбалы нөмір кенеттен Freedom емес, мүлдем басқа қазақстандық банктің картасы ретінде анықталған.

Осылайша, Nationalbusiness.kz басылымы 2022 жылдың наурызынан бері Visa мен Mastercard Ресейде жұмысын тоқтатқанына қарамастан, күрделі схеманың Ресей азаматтарына халықаралық шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беріп отырғанын қорытындылайды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий