Қандас куәлігін алу талаптары өзгермек

01.12.2025 13:31 Арман Ермеков
Қандас куәлігін алу талаптары өзгермек
0
158
Фото: gov.kz

Қазақстан тарихи отанына оралғысы келетін этникалық қазақтарды қабылдау тәртібін қайта қарап жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастарға қатысты бірқатар бұйрыққа өзгеріс енгізу туралы жобаны ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа құжатқа сәйкес, енді «қандас» куәлігін алу бұрынғыдай оңай болмауы мүмкін. Министрлік үміткерлерді електен өткізу талаптарын күшейтуді көздеп отыр.

Біріншіден, тексеру күшейеді. Енді қандас мәртебесін сұраған азаматтың өткен өміріне жіті үңіледі. Арнайы органдар өтініш берушінің үстінен қозғалған қылмыстық істердің немесе оны айыптайтын өзге де мәліметтердің бар-жоғын мұқият тексеретін болады. Бұл ел аумағына деструктивті немесе қылмыстық элементтердің кіріп кетпеуін қадағалау үшін жасалмақ.

Екіншіден, ұлтын растау тәртібі өзгереді. Құжатта азаматтың қазақ ұлтына тиесілі екенін айқындау жолдары мен өтініш беру арқылы мәселесін шешу тетіктері нақтыланған. Сондай-ақ, шетелде тұратын, бірақ Қазақстанмен байланысын үзбеген қандастарға берілетін «Ата жолы» картасын ұсынудың жаңа ережелері енгізіледі.

Бұдан бөлек, қандастарды қабылдайтын өңірлік комиссиялардың жұмысы оңтайландырылмақ. Бейімделу орталықтарында тұру ережелеріне және солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударушыларға қатысты нормаларға да түзетулер қарастырылған. Сонымен қатар, халықты тіркеу мәселесі де өзектендіріледі.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл өзгерістер заңнаманы ретке келтіріп, көші-қон процесін заман талабына сай ету үшін қажет.

Жобасының қысқаша мазмұны, негізгі ережелердің сипаттамасы:

  • қандас мәртебесін алу кезінде өтініш берушінің айыптаушы мәліметтердің бар-жоғын тексеру жүргізу тәртібін нақтылау.
  • қандастардың бейімделу орталықтарында тұру ережелеріне өзгерістер енгізу.
  • халықты тіркеуге қатысты тармақты өзектендіру.
  • қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның жұмысын оңтайландыру.
  • өңірлік квотаға енгізу тәртібін нақтылау.
  • ерікті қоныс аудару бойынша норманы түзету.
  • өтініш беру арқылы құтқарылу бөлігінде қазақстандық ұлтқа тиесілігін айқындау тәртібін өзгерту.
  • өтініш пен мәліметтерді қамтитын «Ата жолы» карталарын ұсыну тәртібін нақтылау.

Айта кетейік, бұл әзірге жоба күйінде. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Кез келген азамат 2025 жылдың 11 желтоқсанына дейін осы өзгерістермен танысып, өз пікірі мен ұсынысын қалдыра алады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий