«Қанша тырыссаң да, неге жолың болмайды?»: Данышпан өмірдің ең үлкен әділетсіздігін бір ауыз сөзбен түсіндірді

«Қанша тырыссаң да, неге жолың болмайды?»: Данышпан өмірдің ең үлкен әділетсіздігін бір ауыз сөзбен түсіндірді
0
107
фото: ашық дереккөз

Кейде өмірдің таразысы қисық сияқты көрінеді. Біреудің «алма піс, аузыма түс» деп бағы жанып жатса, енді біреу маңдай терін төгіп, жанталасса да, нәтижеге жете алмайды. Бұл не? Тағдырдың тәлкегі ме, әлде біз білмейтін заңдылық па? Бұл сұрақтың жауабын ежелгі үнді ойшылдары былай түсіндіреді.

Бала кезден «еңбек етсең – мұратқа жетесің» деп өстік. Бірақ есейе келе логикаға сыймайтын жайттарды байқаймыз. Кейде адам неғұрлым қатты тырысқан сайын, өмір оған соғұрлым көп кедергі қоятын сияқты.

Мысалы, жылдар бойы перзент сүюді армандап, дәрігер жағалаған келіншектің жағдайы. Ол үмітін үкілеп, әр қадамын аңдып басады. Ал дәл іргесінде көршілері еш қиналмастан, бірінен соң бірін босанып, коляска сүйреп жүр. «Менің не жазығым бар?» деген сұрақ еріксіз туындайды.

Немесе баспаналы болу үшін он жыл бойы ішпей-жемей, тиыннан теңге құраған отбасыны алайық. Ақша жиналып бітті-ау дегенде, нарықта баға шарықтап, арман тағы да қол жетпес сағымға айналады. Бұлар жалқау емес, мақсатшыл жандар. Бірақ тағдыр өз түзетуін енгізіп отыр.

Бұл заңдылық қарым-қатынаста да байқалады. Неге күйеуінің қас-қабағына қарап, барын салып бәйек болатын әйелдер жиі жалғыз қалады? Неге ананың шектен тыс қамқорлығы баланың суынуына әкеледі?

Психологтардың пікірінше, тым қатты тырысу – бұл қысым. Адам тым қатты қалаған кезде, ол энергияны буып тастайды. «Есікті неғұрлым қатты итерсең, ол соғұрлым ашылмайды. Тұтқаны жіберсең, өзі ашылуы мүмкін». Фаина Раневскаяның: «Бәрі орындалады, тек қалауды тоқтатсаң болғаны» деген сөзінің жаны бар.

Рухани ұстаз Далай-Лама: «Есіңде болсын, сенің қалағаның – саған шынымен керек нәрсе болмауы мүмкін» дейді. Кейде біз бір мақсатқа қадалып, басқа есіктерді көрмейміз. Ал тағдыр сені сәтсіздік арқылы үлкен қауіптен сақтап тұрған болар? Мүмкін, сол армандаған жұмыс немесе сол адам сені бақытсыз ететін еді?

Үнді ойшылы Нисаргадатта Махарадж бұл жағдайға нүкте қоятын мынадай даналық айтқан:

«Әбігерге түспе, әр нәрсенің өз уақыты бар. Нәтижеге ықпал ете алмайтыныңды түсінген сәтте – қорқыныштан арыласың. Шын мәнінде, оқиғалар сенің қатысуыңмен емес, сенімен бірге болып жатыр».

Түйін: «Бұйыртқан кетпейді, қуған жетпейді». Мақсатқа жету үшін әрекет ету керек, бірақ оны өмірмен күреске айналдырудың қажеті жоқ. Кейде арманға қол жеткізудің ең төте жолы – жан-дәрмен жанталасуды тоқтатып, сәл тыныстау. Бақыт көбіне күтпеген есіктен, қарапайым жолмен келеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий