«Қақтығысты тоқтату керек»: Тоқаев Путинге Ураинадағы соғысты тоқтатуды ұсынды

26.07.2026 09:24 Қарақат АСЫЛОВА
«Қақтығысты тоқтату керек»: Тоқаев Путинге Ураинадағы соғысты тоқтатуды ұсынды
136
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы бұл жағдайды мемлекетаралық қақтығыс деп бағалайтынын айтып, Қазақстанның украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қарайтынын жеткізді.

«Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0 Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады».

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бұл мәселеде арағайын болудан бас тартатынын атап өтті.

«Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады», – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қақтығыстың салдарынан екі елдің жастары қаза тауып жатқанын айтты.

«Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек», – деді.

Кездесу соңында Президент Қазақстанның Ресеймен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға бейіл екенін растады.

«Біз қанша қиын болса да, Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейілміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий