Қарағанды облысында үш жасар балаға шатырдан кірпіш құлаған
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Ульяновка кентінде оқыс оқиға болды. Үш жасар балаға мәдениет үйінің шатырын қаптап тұрған кірпіш құлаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Баланың анасының айтуынша, үш жасар ұлының басына мәдениет үйінің сыртын қаптап тұрған кірпіштің біреу құлаған. Құрылыс материалы баланың басына тиген.
«Қазіргі уақытта біз ауруханада жатырмыз, балаға шұғыл ота жасалып жатыр. Құзырлы органдардан жедел түрде тексеру жүргізіп, ғимараттың жағдайына жауапты тұлғаларды анықтауды сұраймын. Мұндай жағдайлар енді қайталанбауы тиіс», – деп жазды анасы.
Бұқар жырау ауданының әкімдігі аталған деректі растады. Полиция болған оқиғаға қатысты түсінік берді.
«Әлеуметтік желілерде тараған, мәдениет нысаны ғимараты қасбетінің қаптама материалының бір бөлігі үш жасар баланың үстіне құлағаны туралы бейнематериал бойынша Қылмыстық кодекстің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция департаменті.
Тергеушілер тобы оқиға орнына барып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Ал зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді.
Айта кетері, 306-бапта 600 АЕК-ке (2 595 000 теңгеге) дейiнгi айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған. Сот шешіміен белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айыруы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар