Қарағандыда алты баланы азаптап, нәжіс жегізген отбасы ұзақ жылға сотталды

04.06.2026 14:02 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қарағандыда алты баланы азаптап, нәжіс жегізген отбасы ұзақ жылға сотталды
312
Фото: Бейнеден алынған скрин

Қарағанды облысында алты баланы асырап алып, оларды бірнеше жыл бойы аяусыз азаптаған Қарқаралы ауданының тұрғындары мен олардың қызына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың судьясы Советхан Смағұлов бір жылдан астам уақытқа созылған іске нүкте қойып, отағасын 12 жылға, оның әйелін 10 жылға, ал қызын 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Үкімге сәйкес айыпталушылар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Оларға кәмелетке толмағандарды азаптау, дәрменсіз күйдегі адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және ірі мөлшердегі алаяқтық баптары бойынша айып тағылған.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек бұл отбасы мемлекеттен жәрдемақы алу үшін балалар үйінен 6 жасөспірімді қамқорлығына алып, оларды ауыр жұмысқа жеккен және үнемі ұрып-соғып отырған. Жәбірленушілердің сөзінше олар итқорада түнеуге мәжбүр болған және кішкентай ғана қателігі үшін таяқ жеп, тіпті тамақтарына жануарлардың нәжісін қосып жегізген кездері де болған. Осы жағдайлардың салдарынан бір баланың денесінен 19 тыртық, ал екіншісінен 47 шрам табылған. Оған қоса жасөспірімдердің бірін кілемге орап, есінен танғанша үстінен секіргені анықталып отыр, ал кейіннен бұл жәбірленушіге бірнеше ота жасалып, мүгедектік тағайындалған.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы Жанқуат Ахмедин сотталушылардың балаларды тек суға пісірілген макаронмен тамақтандырғанын және лас суды жалатып, ескі киімдерін кигізгенін алға тартып, әрбір жәбірленушіге 10 млн теңгеден моральдық шығын өндіруді сұраған болатын. Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Бүркіт Оразбеков бұл жағдайдың бес жыл бойы жалғасуына қамқоршылық органдарының салғырттығы тікелей себеп болғанын айтты.

«Сот барысында бұл мән-жайлар толық анықталды, сондықтан біз соттан қамқоршылық органдарының атына жеке қаулы шығаруды талап етеміз», — деді адвокат Бүркіт Оразбеков.

Бұл пікірді «Таңшолпан» орталығының заңгері Вероника Могутина да қостап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс ересектерге толық тәуелді болғанын атап өтті.

Дегенмен айыпталушылар өз кінәларын мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Ауыл мектебінде директор болып жұмыс істеген отағасы өзінің 26 жылдық ұстаздық өтілі бар екенін және балаларды ешқашан саусақпен шертпегенін алға тартты. Оның сөзінше бұл қылмыстық іс қолдан ұйымдастырылған.

«Керісінше балалар біздің отбасымызға келмес бұрын, яғни балалар үйі мен балалар ауылында түрлі зорлық-зомбылыққа, тіпті жыныстық зорлыққа да ұшырағанын өздері айтып берген», — деді сотталушы.

Оның қорғаушысы Әсел Қойшыбаева да бұл істе қылмыстық-процестік заңнама талаптары бұзылғанын айтып, өз қорғалушысын ақтауды сұрады. Алайда сот тараптардың уәжін тыңдай келе үшеуін де кінәлі деп танып, нақты бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Қазіргі уақытта бұл үкім заңды күшіне енген жоқ және тараптар оған шағым түсіруге құқылы.

Войдите, чтобы оставить комментарий