Қарағандыда студенттерді диплом қорғағаннан кейін бірден әскери комиссариатқа алып кеткен

26.05.2026 16:08 Әсел Мұрат
Қарағандыда студенттерді диплом қорғағаннан кейін бірден әскери комиссариатқа алып кеткен
182
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қарағанды тұрғыны әлеуметтік желіде өзінің інісін және тағы бірнеше студентті ҚарТУ-да диплом жұмыстарын қорғап шыққаннан кейін әскери комиссариат қызметкерлері алып кеткенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, жас жігіттерге шақыру қағаздары таңғы сағат 10-нан кейін тапсырылған. Алайда құжаттарда олар сағат 09:00-де деректерді нақтылау үшін келуі тиіс екені көрсетілген. Кейін, қыздың сөзінше, түлектерді әскери комиссариатқа апарып, медициналық тексеруден өткізген.

Қазақстандық қыздың айтуынша, оның інісінде 1 шілдеге дейін жарамды оқуын кейінге қалдыру құқығы болған, өйткені ол ресми түрде әлі студент саналған. Алайда әскери комиссариатта оған: «Бүгін дипломын қорғады — демек, оқуы аяқталды» деп айтқан.

Қыздың сөзінше, қызметкерлер жігітті үйіне қайтарудан бас тартып, оның әскерге жіберілетінін айтқан.

«Тағы бір маңызды жайт — медкомиссия кезінде інімнің бойын 188 см деп жазып қойған, ал шын мәнінде оның бойы 195 см. Менің ойымша, мұны тамақтану нормасына байланысты әдейі жасаған болуы мүмкін: бойы 190 см-ден асатын сарбаздарға қосымша тамақ беріледі. Медициналық тексеруден кейін оларға: «Болды, әскерге кетесіңдер» деді. Мұны естіген бойда мен бірден сол жерге бардым. Бірақ маған: «Біз оны сізге бермейміз» деп жауап берді. Мен оның оқуын кейінге қалдыру құқығы 1 шілдеге дейін жарамды екенін айттым. Сонда олар: «Ол бүгін диплом қорғады — демек, оқуы бітті» деді. Мен оның магистратураға түсуге дайындалып жүргенін түсіндірдім. Бірақ маған: «Жетеді. Дипломын алады, уайымдамаңыз. Қажет болса, полковник өзі үйіне апарып береді» деді. Сонымен қатар әскери комиссариат қызметкерлері: «Кедергі жасамаңыз. Қазір ол Приозерскіге кетеді. Егер уақыт соза берсеңіздер, Отарға немесе Шуға жібереміз. Ол жақ оңтүстік, жағдай қиынырақ» деп айтты», – дейді қыз.

Оның айтуынша, інісі әскери комиссариатта бір тәуліктен астам уақыт болған. Қыз студенттерге жақындарымен еркін байланысуға мүмкіндік берілмегенін айтты. Сонымен қатар түлектің өзін дипломдық жобасына арналған қымбат құрал-жабдықтарымен бірге алып кеткен, ол оларды оқытушыларына тапсырып үлгермеген. Автор сондай-ақ жігіттердің атына дөрекі сөздер мен қорлайтын пікірлер айтылғанын жеткізді.

Тек полицияға, әскери полицияға жүгініп, Қорғаныс министрлігіне қоңырау шалғаннан кейін ғана жастар босатылған. Қыздың сөзінше, министрлік өкілдері оған оқуын кейінге қалдыру құқығы оқу ресми түрде аяқталғанға дейін сақталатынын және студенттерді ұстап отыруға ешқандай негіз болмағанын растаған. Ол болған жағдайды «бассыздық» деп атап, жігіттерді «қылмыскер секілді алып кеткенін» айтты.
Бұл жағдайға қатысты Қарағанды облысының шақыру комиссиясы да пікір білдірді.

«Әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарының түлектеріне диплом жұмыстарын қорғағаннан кейін жергілікті әскери басқару органдары тарапынан заңсыз әрекеттер жасалды деген ақпарат таралуда. Аталған дерек бойынша барлық мән-жайды жан-жақты зерделеу, сондай-ақ азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде заң талаптарының сақталуын тексеру мақсатында арнайы тексеріс жүргізілуде. Егер заңбұзушылық немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері расталса, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады», – делінген ресми түсініктемеде.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий