Қарағандыда зейнеткерге күндізгі уақытта шабуыл жасап алтын алқасын ұрлаған күдікті ұсталды

22.07.2026 22:30 Қарақат АСЫЛОВА
Қарағандыда зейнеткерге күндізгі уақытта шабуыл жасап алтын алқасын ұрлаған күдікті ұсталды
190
Фото: Polisia.kz

Қарағандыда полицейлер велосипед ұрлап, артынша 67 жастағы зейнеткер әйелдің алтын алқасын тартып әкеткен күдіктіні жедел ұстады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға дүйсенбі күні күндіз болған. Дүкеннен үйіне қайтып бара жатқан зейнеткердің артынан жүгіріп келген белгісіз адам оның мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, оқиға орнынан ізін суытқан. Жәбірленуші келтірілген шығынды 400 мың теңге деп бағалаған.

Әйел бірден полицияға хабарласып, күдіктінің түр-тұлғасын егжей-тегжейлі сипаттап берген. Соның нәтижесінде тәртіп сақшылары көп ұзамай 30 жастағы Қарағанды тұрғынын анықтап, қолға түсірді.

Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, ұрланған алтын алқаны ломбардқа өткізіп үлгерген. Алайда полицейлер әшекейді заттай айғақ ретінде тәркілеп алды.

Тергеу барысында күдіктінің бұл қылмысқа дейін тағы бір құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды. Ол алдымен біреудің велосипедін ұрлап, сонымен жүріп келе жатып алтын алқа таққан зейнеткерді байқап қалған. Велосипедті аулаға қалдырып, әйелді тонап, кейін қайтадан велосипедке отырып қашып кеткен.

Ұрланған велосипедтің заңды иелері анықталып, мүлік өздеріне қайтарылды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

Войдите, чтобы оставить комментарий