Қарақат Әбілдина: Бақыт біреудің көз жасынан тұрмайды!
Танымал әнші Қарақат Әбілдина әріптестері Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанның жеке өміріне байланысты туындаған дауға пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Өнер иесі бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, көпшілік талқылап жатқан жағдайға қатысты ойымен бөлісті.
«Соңғы күндері елдің бәрі жазып жатқан подкасты мен де көрдім. Мөлдірдің әңгімесін тыңдап, жылап та алдым. Өйткені мен жақсы танитын, төрінде отырып, қуанышын бөліскен отбасының осындай жағдайға тап болғаны жүрекке ауыр тиді», – деп жазды әнші.
Қарақат Әбілдина біреуді даттап немесе жақтауды мақсат етпегенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе қоғамда жиі кездесетін күрделі әлеуметтік құбылысқа айналған.
«Біреудің отбасын ойран ететін әйелдер не ойлайды екен деп ойлаймын. Басқаның бақытын тартып алып, өз бақытыңды табам деу – адасқандық. Бақыт ешқашан біреудің көз жасынан, қарғысынан құралмайды. Нағыз бақыт – адалдық пен ұяттың жолында», – деді ол.
Әнші сондай-ақ ер азаматтарды отбасындағы әйелінің қадірін білуге шақырды.
«Сіз үшін өмірін сарп еткен жарыңызды құрметтеңіз. Ол сіздің абыройыңыз үшін барын беріп жүр. Мұндай әйелдер – отбасының тірегі», – деп жазды Қарақат.
Сөз соңында ол қоғамды бұл жағдайды одан әрі ушықтырмай, түсіністікпен қарауға үндеді:
«Отбасы – киелі ұғым. Ақ неке – Алланың атымен бекітіледі, оны бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Ешкімді түзу жолдан адастырмасын!» – деп түйіндеді өнер иесі.
Соңғы жаңалықтар