Қария жерге құлағаннан кейін де ұра берген: Шымкентте көршілердің төбелесі өліммен аяқталды
Шымкентте көрші жігітпен төбелескен 65 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Төбелес 9 қыркүйек кешкі уақытта болған. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оның өмірін сақтап қала алмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал үйлердің бірінің ішінде басталған. Кейін екі ер адам ауладан сыртқа шығып, қақпаның алдында төбелескен.
Оқиға сыртқы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан жас жігіттің жасы үлкен көршісін бірнеше рет ұрғанын көруге болады. Соққыдан кейін зейнеткер жерге құлаған. Алайда бейнежазбаға қарағанда, ер адам құлағаннан кейін де ұруын тоқтатпаған.
Оқиға балалардың көз алдында болған.
Төбелестен кейін жас жігіт аулаға қайта кірген. Біраз уақыттан соң ол қолына белгісіз бір түйіншек ұстап, қайтадан көшеге шыққан.
Осы оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді.
Ер адамның денесі табылуына байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдіктінің кім екені анықталып, ол ұсталды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Соңғы жаңалықтар