Қайсар Қамза 7 жылға сотталып кетуі мүмкін: блогер елге қайтарылды
Әлеуметтік желілерде сән-салтанатқа толы өмірін көрсетіп, миллиондаған оқырман жинаған танымал блогер Қайсар Қамза заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікпен Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Politico.kz Бас прокуратураға сілтемемен.
Тергеу органының мәліметіне сүйенсек, күдікті 2025 жылдың қаңтар айында өзінің ауқымды аудиториясын пайдалана отырып, заңсыз интернет-казиноны жарнамалаған және қазақстандықтарды құмар ойындарына белсенді түрде тартқан. Осы қызметі үшін инфлюенсердің криптовалюталық әмиянына $200 мың көлемінде сыйақы түскен.
Белгілі болғандай бұл істің артында үлкен қылмыстық топ тұр. Олар 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казино желісін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Қазіргі таңда осы іс аясында қылмыстық топтың тоғыз мүшесі қамауға алынды, ал Қайсар Қамзаны қоса алғанда қалған сыбайластарға халықаралық іздеу жарияланған еді.
Биыл маусым айында Ішкі істер министрлігі Интерпол ұлттық орталық бюросының сауалымен блогер Вьетнам аумағында құрықталды. Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Бас прокуратура қызметкерлері Қазақстан елшілігінің тікелей қолдауымен оны елге қайтарды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Тағылған айып бойынша оның кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар