Қайтыс болған қыздардың кірпігін алып беремін - Ақөрік Изимбаева
Атыраулық Ақөрік Изимбаева жалғанған кірпік жабыстырған күйі жан тапсырған мәйіттердің жалған кірпіктерін алып, арулап жерлеуге көмектеседі. Кейіпкер Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қызметі жайлы және мұндай іспен айналысуға не себеп болғанын баяндады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Кейіпкеріміздің азан шақырып қойылған аты – Ақөрік. Алайда жақындары кішкентай күнінен Латифа деп атайды. Әлеуметтік желідегі парақшасында да осы лақап аты көрсетілген. 24 жастағы Атырау тұрғыны негізі – лэшмейкер (кірпік маманы). Бірақ қазір бұл іспен тұрақты түрде айналыспайды. Тек ерекше өтініштер түскен кезде саймандарын қолға алады.
“Марқұмдардың жалғанған кірпігін мұқият, қинамай алып беремін деп өз парақшамда жазған едім. Бірақ оған жұмыс немесе кәсіп ретінде қарамаймын. Марқұм болған адамдарға және оның ағайындарына көмек болсын деген мақсатта жаздым. Дәм тұзымыз қашан, қай уақытта, қалай таусылатынын білмейміз. Сондықтан солай қолымнан келетін жұмысты көмек ретінде ұсындым. Көбіне шеберлер мұндай өтініштерді қабылдамайды. Содан соң марқұмның жақындары амалсыздан өздері мәйітті қинап алып жатады. Мәйітті өйтіп қинауға, кесуге, жұлқылауға болмайды. Менің негізгі мақсатым – марқұмды қинамай, шариғатқа сай соңғы сапарға аттандыруға атсалысу”, – дейді.
Латифаның айтуынша, мұнда бастысы – таза ниет, марқұмға соңғы құрмет. Ол осы уақытқа дейін өзі секілді шеберлерді әлі кезіктірмеген. Қызметім үшін де алатын ақым ақылға қонымды дейді ол.
“Ақысына келер болсам, уақытыма, жолыма, еңбегіме ғана аламын. Қаланың сыртында тұрамын. Барып келуімнің өзіне 6000 теңге шамасында кетеді. Төлемді уақытқа, мәйіттің жалғанған кірпігінің жағдайына қарай аламын. Адамдар әртүрлі жағдайда қайтыс болады, сондықтан нақты айта алмаймын. Бірақ 15-20 мың аралығы, одан артық емес. Тән – бізге берілген аманат, оны лайықты тапсыру қажет”, – дейді Латифа.
Соңғы жаңалықтар