Қазақ дастарханының қожайындары: Азық-түлік алпауыттары бюджетке қанша құйды?

28.11.2025 14:31 Арман Ермеков
Қазақ дастарханының қожайындары: Азық-түлік алпауыттары бюджетке қанша құйды?
0
281
Иллюстрация ЖИ

Азық-түлік өндірісіндегі ең ірі салық төлеушілер анықталды, деп хабарлайды Kazakhstan Politics арнасы.

Ресми статистикалық деректерге сүйенсек 2025 жылдың сегіз айында азық-түлік өндірісінің көлемі 10,1 пайызға артып 2,4 триллион теңгеге жеткен. Бұл сала дәстүрлі түрде азық-түлік және сусындар өндірісі болып екіге бөлінеді. Бүгінгі шолуда нарықтың ең ауқымды бөлігі саналатын май, ұн және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға назар аударылады. Adata сервисінің 18 қарашадағы мәліметі бойынша салық төлеушілердің тізімі төмендегідей қалыптасты.

Көш басында майонез, май және маргарин өндірісімен айналысатын «Eurasian Foods Corporation» тұр. «3 желания», «Шедевр» және «Иртыш» сауда белгілерімен танымал компания 2025 жылы мемлекеттік қазынаға 12,6 миллиард теңге аударды. Холдингтің иесі швейцарлық «Ursem holding AG» болып табылады.

Екінші орынға оңтүстіккореялық «LOTTE» холдингінің құрамына кіретін «Лотте Рахат» жайғасты. 1942 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, шоколад пен кәмпит өндірісінің флагманы бюджетті 9,4 миллиард теңгеге толықтырды.

Үздік үштікті қытайлық «Fufeng Group» корпорациясының еншілес кәсіпорны «Shengtai Biotech Co.» түйіндеп тұр. Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдеу зауытын салып жатқан инвестор құрылыс аяқталмаса да 8,2 миллиард теңге салық төлеп үлгерген. Жобаға 800 миллион көлемінде инвестиция салынады деп күтілуде және онда аминқышқылдары мен глюкоза шығарылмақ.

Төртінші сатыда Орталық Азиядағы құс етін өндіретін ең ірі кәсіпорын «Макинск құс фабрикасы» тұр. «Aitas» холдингіне қарасты және жылына 85 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы фабрика 5,6 миллиард теңге салық төледі.

Бесінші орынды 1971 жылы іргесі қаланған Қарағанды маргарин зауытын басқаратын «Eurasian Foods» иеленді. «Eurasian Foods Corporation» холдингінің құрамына кіретін бұл кәсіпорын биыл 4,8 миллиард теңге төледі.

Алтыншы орында нидерландық «JDE Peet's» кофей гигантының өкілі «Jacobs Douwe Egberts Kazakhstan» орналасқан. «Jacobs Monarch» брендімен танымал компания бюджетке 4,4 миллиард теңге аударды.

Жетінші сатыға Қонаев қаласының маңында орналасқан «Mareven Food Tian-Shan» зауыты тұрақтады. Вьетнам мен Жапония инвесторлары 2018 жылы 50 миллион доллардан астам қаржы құйған бұл кәсіпорын «Ролтон» және «BigBon» кеспелерін шығарады. Биыл олар 4,2 миллиард теңге салық төлеген.

Сегізінші орынды ресейлік «EFKO Group» құрамына кіретін «Almaty Mai» иеленді. Алматыда 2015 жылы май экстракциялық зауытын іске қосқан кәсіпорын қазынаға 3,8 миллиард теңге құйды.

Тоғызыншы орында Батыс Қазақстан облысының «Кублей» компаниясы тұр. Ет және балық консервілерін, бұқтырылған ет дайындайтын отандық өндірушінің салық аударымдары 3,3 миллиард теңгені құрады.

Рейтингті түріктің «Yıldız Holding» иелігіндегі «Pladis Kazakhstan» компаниясы қорытындылады. Қаскелеңдегі «Хамле» зауытын біріктірген және «Albeni», «McVitie’s» печеньелерін шығаратын кәсіпорын қараша айына дейін 3,2 миллиард теңге салық төлеген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий