«Қазақмыс» кеніштерінде 346 тау-кен жабдығы жөндеуден өтті
«Қазақмыс» корпорациясы 2026 жылы тау-кен жабдықтарын жөндеуге және қалпына келтіруге 6,7 миллиард теңге қарастырды. Оның 5,8 миллиард теңгесі жөндеу жұмыстарына бағытталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Корпорацияның хабарлауынша, биыл 346 тау-кен техникасы ағымдағы жөндеуден өткен. Жұмыстың басым бөлігі Жезқазған өңірінде жүргізіліп, 277 техника жөнделді.
Қарағанды өңірінде 31, Балқаш өңірінде 38 техника жөндеуден өтті.
Кәсіпорындарда техниканы жөндеумен қатар, оның негізгі бөлшектері мен тораптарын қалпына келтіру және ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін 193 торап жөнделді. Жыл соңына дейін тағы 100-ге жуық торапты қалпына келтіру немесе ауыстыру жоспарланған.
Жөндеу жұмыстары бұрғылау қондырғыларын, кен тиеп, тасымалдайтын машиналарды, жүк көліктерін және «Caterpillar», «Sandvik», «Epiroc» маркалы басқа да тау-кен техникаларын қамтиды.
Корпорация техниканың тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қосалқы бөлшектер қорын да толықтырып жатыр.
Қазір кәсіпорын қоймаларында тау-кен техникаларына арналған 183 ірі шина бар. Орташа тұтыну көлеміне қарай бұл қор шамамен 26 күнге жетеді.
Қосымша 943 шина жеткізуге келісімшарт жасалып, тапсырыс берілген. Жеткізу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
2026 жылдың соңына дейін корпорация қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тозған бөлшектерді қалпына келтіруді және өндірістік бөлімшелерді қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
«Қазақмыс» мәліметінше, бұл жұмыстар тау-кен жабдықтарының сенімділігін арттыруға, техниканың жоспардан тыс тоқтап қалуын азайтуға және кеніштердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар