Тоқаев Қазақстандағы барлық жолдың сапасына Үкімет жауап беруі керегін айтты

Тоқаев Қазақстандағы барлық жолдың сапасына Үкімет жауап беруі керегін айтты
Фото: Бейнеден кадр

Қазақстанда жол сапасына енді әкімдіктер ғана емес, тікелей Үкімет жауап береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол құрылысына жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын сынап, республикалық және жергілікті жолдардың барлығын Көлік министрлігінің бақылауына беруді тапсырды. Мемлекет басшысы бұдан былай жолдың сапасыздығын битум мен қиыршық тастан көруге болмайтынын да ескертті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан елдің транзиттік мүмкіндігін арттыру үшін жол инфрақұрылымын жақсарту қажет. Әсіресе, солтүстік өңірлердегі жол мәселесі өзекті болып отыр.

– Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет, – деді Президент.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту жұмысын бастауды тапсырды.

Сонымен қатар Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалының басым бөлігін шетелдік компаниялар жүзеге асырып отырғанына назар аударды.

– Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады, – деді Тоқаев.

Президент жол құрылысының сапасына қатысты да өткір пікір айтты. Оның сөзінше, орталық және жергілікті атқарушы органдар жауапкершілікті бір-біріне ысырып, мәселенің шешілуін созып жіберген.

– Бұған дейін бұл жұмыс сылбыр жүргізілді. Біздің алдымызда республикалық және жергілікті жолдардың барлығын, атап айтқанда, барлығын сапалы салу міндеті тұр. Орталықтағы және жергілікті жердегі атқарушы органдар түрлі ережелер мен талаптарды сылтау етіп, мәселені бір-біріне сілтеп, нағыз «футбол» ұйымдастырған. Сөйтіп, мәселені әбден тұйыққа тіреген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы енді мұндай жағдайға жол бермеу үшін жауапкершілікті бір мекемеге жүктеуді тапсырды.

Қазір республикалық маңызы бар жолдар елдегі барлық автомобиль жолының шамамен 26 пайызын құрайды. Ал қалған жергілікті жолдар әкімдіктердің қарамағында.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұдан былай осы жолдардың барлығына Үкімет атынан Көлік министрлігі жауап беруі тиіс.

– Сондықтан барлық жолмен, мейлі ол республикалық маңызы бар, мейлі әкімдіктердің қарамағындағы жергілікті жол болсын, Үкімет Көлік министрлігі арқылы айналысуға тиіс. Қайталап айтамын, бізге өте сапалы жолдар керек. Битум мен қиыршық тастың сапасын сылтау ету қабылданбайды, – деді Президент.

Тоқаев шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі ұзын-сонар кептелістер Қазақстанның халықаралық жүк тасымалы орталығына айналуына кедергі келтіріп отыр.

– Егер шекара көліктер бірнеше шақырымға созылып, кептеліп қалатын тар өткелге айналса, ал қазір дәл осындай жағдай болып жатыр, онда Қазақстанның қандай да бір көшбасшылығы туралы сөз қозғаудың өзі артық, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2027 жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Оның сөзінше, Қазақстан Еуразиядағы ірі көлік және жүк тасымалы орталығы болғысы келсе, ең алдымен сапалы жолдар мен жол бойындағы заманауи қызмет көрсету орындарын қалыптастыруы қажет.

Президент әуе тасымалы саласындағы пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктерге де назар аударды.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды әуе жолдары өтеді. Алайда ел бұл артықшылықтан әзірге тиісті пайда көріп отырған жоқ.

– Біздің аумақ арқылы Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе дәліздері өтеді. Бұл – зор бәсекелестік артықшылық. Бірақ әзірге ол түрлі-түсті таныстырылымдарда ғана қалып отыр. Осы мүмкіндікті іс жүзінде пайдалану үшін жердегі қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ал қазір орасан зор табыс тура мағынасында Қазақстанды айналып ұшып өтіп жатыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы бағытта үлкен үміт артылып отырған жекеменшік Air Cargo компаниясының жұмысына да тоқталды.

Оның айтуынша, компанияның қаржылық мүмкіндігі мол. Тіпті шетелден білікті мамандар шақырып, оларға жоғары жалақы төлеуге және шешімдерді өз бетінше қабылдауға мүмкіндігі бар. Бірақ әзірге нақты нәтиже байқалмайды.

– Air Cargo жекеменшік компаниясына үлкен үміт артылып отыр. Оның қаржылық мүмкіндігі мол, соның ішінде шетелдік жетекші мамандарға еңбекақы төлеуге де шамасы жетеді. Шешімдерді өз бетінше қабылдай алады. Бірақ әзірге шешім де, нәтиже де жоқ. Сіздерге сенім артылды, енді нақты нәтиже күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөздің тоқетері, Президент жол құрылысы, шекарадағы өткізу бекеттері мен әуе тасымалы саласындағы мәселелерді көтерді. Оның тапсырмасына сәйкес, жол сапасына жауапкершілік Көлік министрлігіне жүктелуі тиіс. Ал шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту келесі жылы аяқталуы керек.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу