Тоқаев шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды

Тоқаев шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылдың 1 қаңтарыан бастап орта және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы Үкімет пен Құрылтай депутаттары бірлесіп талқылауы керек екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы президенттің халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында айтылды.

Тоқаевтың сөзінше, 2020-2023 жылдары қолданылған мораторийдің тәжірибесі тиімді болған. Сондықтан оның оң және теріс тұстарын ескере отырып, жаңа үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Президенттің пікірінше, бұл қадам кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайтып, мемлекеттік бақылау жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бақылау мен реттеудің цифрлық моделіне көшуге жол ашуы тиіс.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемі мен жоспардан тыс тексерулердің көбеюіне де назар аударды. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлер тарапынан анықталған заңбұзушылықтар саны 34 пайызға азайғанымен, айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға өскен. Ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.

«Бизнеске кедергі жасамау керек», – деген ұстанымды алға тартқан Президент шағын және орта бизнестің мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына қатысу мүмкіндігін де кеңейтуді ұсынды.

Осы мақсатта мемлекеттік сатып алулардың белгілі бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындарға резервте қалдыруға, сондай-ақ жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдетуге болады.

Тоқаев кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға қатысты мәселелерді де көтерді. Оның айтуынша, экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға тап болған кәсіпкерлерден өтініштер әлі де түсіп жатыр. Осыған байланысты экономикалық құқықбұзушылықтарды қылмыс санатынан шығару бағытында қосымша шаралар қабылдау қажет.

Президент отандық өндірушілерге, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындарға жасалатын кедергілерге де тоқталды. Оның сөзінше, кей жағдайда импорттық тауарлардың бағасы әдейі төмендетіліп, қазақстандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуына кедергі келтіріледі.

Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерді тоқтатып, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Тоқаевтың пікірінше, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіріп, олардың жұмысына заңсыз кедергі келтіретін әрекеттерге қатаң тосқауыл қою керек.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу