Қазақмыс Шу ауданын көркейтуге 800 млн теңге бөлді

08.09.2026 16:49 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс Шу ауданын көркейтуге 800 млн теңге бөлді
97
Фото: Қазақмыс

«Қазақмыс» корпорациясы Жамбыл облысының Шу ауданында ауқымды әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 800 млн теңгеге жуық қаражат бөлді. Жергілікті әкімдік пен компания арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған меморандум аясында тоғыз түрлі жоба іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаржыландырудың ең ірі бөлігі Шу қаласындағы жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына бағытталған. Бұл нысанның жалпы құны 627 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар Қонаев ауылындағы балабақшаны жөндеуге 25 млн теңге бөлінсе, Шоқпар ауылының аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға 15 млн теңге қарастырылған.

Сондай-ақ бірнеше елді мекенде спорт және балалар алаңдары салынып жатыр. Қонаев ауылында 34,7 млн теңгеге шағын футбол және балалар ойын алаңы бой көтеруде. Қазір мұнда сыртқы қоршау орнатылып, арнайы тартан жабыны төселді. Ал Көкқайнар ауылындағы мектеп аумағында 20 млн теңгеге волейбол, баскетбол және спорт алаңдары жабдықталуда.

Ауылдарды абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірлікүстем ауылы тұрғындарының өтініші бойынша 25,5 млн теңгеге алты көшеге жарық бағаналары орнатылды. Бірлік ауылында саябақ көгалдандырылып, 12,6 млн теңгеге тас төселді және қоршау қойылды. Сондай-ақ бұл ауылдағы жалпы құны 22,6 млн теңгелік жобаның соңғы кезеңінде орталық алаңға «Домбыра» ескерткіші орнатылады.

Бұл әріптестік форматы өңірдегі ауылдық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалып, мектеп спорты дамиды. Сондай-ақ тұрғындардың күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін шешуге бағытталған жұмыстар өз шешімін табады.

Войдите, чтобы оставить комментарий