Қазақмыс Жезқазғандағы мыс зауытының негізгі қондырғысын жөндеуді аяқтауға жақын

15.10.2026 • 15:19 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс Жезқазғандағы мыс зауытының негізгі қондырғысын жөндеуді аяқтауға жақын
78
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытындағы негізгі қондырғылардың бірін күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Компанияның хабарлауынша, №1 конвертерді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Оған 396,9 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Politico.kz.

«Kazakhmys Smelting» ЖШС-не қарасты зауыттағы бұл конвертер мыс өндірісінде маңызды рөл атқарады. Ол штейн деп аталатын аралық өнімді өңдеп, тазартылмаған мыс алуға арналған.

Қазақмыстың мәліметінше, жөндеу жұмыстары 1 қазанда басталған. Осы уақыт ішінде мамандар конвертердің ішкі қорғаныш қабатын толық ауыстырып, қаңқасын дәнекерлеген. Сондай-ақ №2, №3 және №4 қорғаныш тақталары жаңартылған.

Компанияның түсіндіруінше, күрделі жөндеудің басты мақсаты – қондырғының техникалық жағдайын қалпына келтіріп, оның сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Кезекте тағы екі конвертер бар

Жезқазған мыс балқыту зауытының балқыту цехында барлығы төрт конвертер жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы жыл сайын бекітілетін кесте бойынша техникалық қызмет көрсетуден және жөндеуден өтеді.

Әр конвертердің екі жөндеу арасындағы жұмыс көлемі 160 балқыманы құрайды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары бекітілген бюджет есебінен, ал күрделі жөндеу инвестициялық бағдарлама аясында жүргізіледі.

№1 конвертердегі жұмыс аяқталғаннан кейін Қазақмыс келесі қондырғыларды жөндеуге кіріспек.

Атап айтқанда, 20 қазанда №2 конвертерді, ал 7 қарашада №3 конвертерді жөндеуге тоқтату жоспарланған.

Компанияның мәліметінше, қондырғыларды кезекпен жөндеу зауыттың өндірістік жұмысын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Зауытты жаңғыртуға 25,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

Еске салайық, бұған дейін Қазақмыс 2026 жылы Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға 25,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлетінін хабарлаған болатын.

Компания бұл қаржыны өндірістік жабдықтарды жаңартуға, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағыттамақ.

№1 конвертерді күрделі жөндеу де осы ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Қазақмыс мұндай жаңарту шаралары жабдықтардың сенімділігін арттырып, өндірістің тұрақты жүруіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий