«Қазақмыс» жұмыскерлері «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысты

30.05.2026 19:00 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Қазақмыс» жұмыскерлері «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысты
66
Фото Қазақмыс

Биылғы 30 мамырда «Қазақмыс» компаниялар тобының 2100-ден астам жұмыскері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында алты қаладағы су айдындарының жағалауын тазартты, – деп хабарлайды Қазақмыс корпорациясы. 

Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қарағанды, Шу және Астана қалаларында бір мезгілде өткен «Мөлдір бұлақ» акциясы кезінде Кеңгір мен Федоров су қоймаларының, сондай-ақ Балқаш көлінің айналасы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.

Экологиялық іс-шараға 25 арнайы техника мен 1500-ден астам тазалау құралы жұмылдырылып, нәтижесінде жиналған 250 тоннаға жуық қоқыс арнайы белгіленген орындарға тасымалданды.

Табиғатты қорғау мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған бұл бастамаға корпорация құрамындағы Kazakhmys Smelting, Kazakhmys Barlau және Maker секілді бірнеше кәсіпорын ұжымы қатысты.

«Экологиялық акцияға қатысу қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. «Қазақмыс» табиғи ресурстарды сақтауға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және өзіне қатысы бар өңірлерде экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы шараларды тұрақты түрде қолдап келеді», – деп атап өтті компания.

Войдите, чтобы оставить комментарий